Киіз үйдегі "Жолда қабылдау" акциясы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ай сайын өткізілетін "Жолда қабылдау" акциясы жүргізушілерге жол қауіпсіздігін және ережелерді сақтауды түсіндіру жұмыстарымен ғана емес, дәмді қазақы дастарқанмен, рухани мұраларымызды ұлықтау мақсатында көрсетілген мұражай жұмыстарымен және видеофильм көрсетумен ерекшеленді.
Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылына қарасты "Самара-Шымкент" тасжолының 971 шақырымында "Жолда қабылдау" акциясы өткізілді.
Бұл шара 3 күн жалғасады. Қазіргі кезде Әйтеке би ауданына қарасты "Самара-Шымкент" тасжолында жыл басынан бері 9 жол-көлік оқиғасы болды. 16 жол қозғалыс қатысушысы дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілген. Осы жолда Ресей елінен Қостанай облысына қарай жолда 4 жолаушы өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Акция 5 рет өткізіліп, 200-ге жуық көлік жүргізушісіне ескертпе буклеттері таратылды. Жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың 6 ай қорытындысы мен 2020 жылдың 6 ай қорытындысын салыстырғанда төмендеп отыр, - дейді Әйтеке би ауданы ПБ бастығының орынбасары Мадияр Әкентай.
Бұл акция мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын-алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауатын ашу, жолдағы жолаушылардың көлік жүргізудегі жауапкершіліктерін арттыру және көлік тізгіндеуде сақтық шараларын бұлжытпай орындау.
Қазіргі сәтте осы жол бойындағы апаттардың санын азайту үшін жүргізушілерге ескертпе жұмыстары мен жаднамалар таратылды, қазақы киіз үй тігіліп, ауқаттанып алуға қымыз, бауырсақтар қойылған ақ дастарқаннан дәм татады. Әйтеке би ауданынан шыққан би-шешендерімізді, ірі тұлғаларды насихаттау мақсатында және құнды жәдігерлерімізді ұлықтау үшін жолаушыларға арналған 1993 жылы ашылған өлкетану мұражайы көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жол қозғалыс қатысушыларының денсаулығын тексеріп, медбике санитарлық тазалықты сақтау ережелерімен таныстырылды және медициналық маска таратылды, - деп қоса кетті Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеншілік Байдрахманов.
Карантин шараларына байланысты, барлық санитарлық-тазалық нормаларын сақтай отырып өткізілген акция барысында осы жол бойында жол-көлік оқиғасынан қаза болған жолаушыларға құран бағышталып, Әйтеке би аудандық мұражайының сыр шертетін тарихи құндылықтарымен таныстыру ұйымдастырылып, жол қозғалысы туралы видеофильм көрсетіліп, жайылған ақ дастарқаннан дәм татылды.
Өзім темір-терсектен бастап азық-түлік тауарларына дейін тасымалдаймын. Қазіргі кезде Беларусь еліне қарай жол тарттым. Біріншіден, демалып алуға жағдай жасалған, екіншіден, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Өте қызық. Мен мұндай акцияны бірінші рет көрдім. Маған ұнады, - дейді 10 жылдан аса уақыт көлік жүргізген Алексей Давыденко.
Көлік жүргізушілері өткізіліп жатқан акцияның ерекшелігіне таңғалып, жылы лебіздерін білдірді.
Шара соңында ауылдық округтің ақыны домбырамен күмбірлеген күй тартып, жолаушыларды шығарып салды. Сонымен, бұл акция әрі қарай да жалғасын таппақ. Жолға шыққан жолаушылардың әрдайым жолдары болсын.Ең бірінші адамға өз өмірі қымбат. Сондықтан бұл акциялардың өтуі орынды. Бұл шараның пайда әкелеріне сенемін. Автокөлік жүргізушілеріне жол жүру кезінде демалып алу қажеттігі туралы, жолдағы апаттық жерлерден сақтануды ескертіп айтып жатыр, - деді Ырғыз ауданына Ақтөбеге қарай аттанған тағы бір жолаушымыз Жеңісбек Қаржауов.