Киіктің киесі мен иесі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ халқы үшін киіктің орны ерекше. Ұлттық құндылықтың біріне айналған ақбөкен туралы жыр мен күй де аз емес. «Киіктің киесі ұрады» дегенді де естиміз. Қазақстанның ұлан-ғайыр атырабын мекен еткен түз жануарының ерекшелігі мен оларды қорғау хақында сөз қозғасақ.
Киіктер болжам бойынша осыдан 50-60 мың жыл бұрын мамонттардың дәуірінде пайда болған. Қуанышқа орай, қостұяқты сүтқоректі осы күнге дейін тіршілігін үзбей келеді. Табиғатқа бейім, тіршілікке деген құлшынысы өте жоғары. Ғалымдардың айтуынша, қанша нәубеттен өтсе де, бүгінгі күнге дейін жойылып кетпеуінің бірден бір себебі де осы. Қазір ақбөкен Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Түркіменстан және Ресей елдерінің аумағын ғана мекен етеді. Алайда көп үлесі Қазақстанға тиесілі.Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?
Ақбөкеннің Қазақстандағы жерұйығы - Бетпақдала мен Үстірт. Бетпақдала солтүстік өңірден бастап Жезқазғанды басу арқылы оңтүстікке қарай бет алады. Үстірт популяциясы батысты кесіп өтеді. Олар табиғаттың ауа райына қарай тез бейімделеді. Қыстың сарышұнақ аязынан қорықпайды, қорғану мақсатында қыста терісінің түсі ақшыл түске, жаз бен күзде қоңырқай түске боялады. Шөбі биік емес жерді мекендегенді ұнатады. Себебі олар жан-жағын бақылап отыру үшін ашық алаңдарда жүруі керек.
Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының ғылым, ақпарат және табиғи мониторинг бөлімінің бастығы Берік Рысбаевтың айтуынша, киіктер өте шыдамды келеді.
Қыстың аязы мен боранында тебін теуіп жата береді. Мұндай қасиет барлық жануарда кездесе бермейді. Мысалы, қабанның өзі қанша мықты болғанымен суықтан қамыстың арасына тығылып қорғанады. Бұл киік жануарына тиесілі ерекшеліктің бірі. Олардың жылдамдығы да жоғары - 80 км/сағ. Өте сақ, бөгде дыбыстарды алыстан сезіп, жүйіткіп кетеді. Иіс сезімділігі де жақсы дамыған. Соның арқасында тіршілігін жалғастырып келеді, - дейді ол.Қорғалжын қорығындағы киіктер саны шамамен 70 мыңды құрап отыр.
Қорықтың сыртындағы аумақта мекендейтіндерді қосқанда былтыр 25 мыңға жетті. Алғашқы төлден кейін олар ішкі қоныс жасайды. Күзге қарай жобамен осы өңірге шоғырланады. Жыл санап олардың саны артып келеді. Биыл да төлдеу жақсы өтті. Киіктер сезімталдығының ерекшелігі – саны азайып бара жатса, қос-қостан төлдейді. Жойылып кетпеуінің де бірден бір себебі – осы, - дейді маман.
Киік пен кие
Ақын Сәкен Сейфуллин киікті адам баласына теңегенін де білеміз. «Ақсақ киік» өлеңінің жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар.
«Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім», - деген жолдардан жануарға деген ерекше сүйіспеншілік пен махаббаты байқауға болады.
Сондай-ақ, Кәкімбек Салықовтың сөзіне Жақсыгелді Сейіл ән жазып, «Жезкиік» туындысы халық арасында кеңінен танымалдылыққа ие болған.
Ақынның өзі өлеңнің шығу тарихы туралы бір сұхбатында былай деген екен.
Мен жезкиіктің жанары арқылы махаббатты мысалға ала отырып, ұлтымыздың бодан болған өмірін, халықтың көкірегіндегі мұң-зарын жеткізгім келді. Ол кезде тікелей айтуға болмайтын заман еді ғой. Айналайын, Жақсыкелді менің ойымды дөп баса білді. Кейіннен «Жезкиік» поэмасын жазып, осы атпен ән жинағымды да шығардым, - дейді ақын Кәкімбек Салықов.
Киікке арналған күй де жоқ емес. Ықылас Дүкенұлының «100 күй» топтамасына енген «Жезкиік» күйі тағы бар.
Жезкиік алтындай жалтылдап, күнге шағылысқан көркінің арқасында мергеннің көзін тайдырып, үнемі оқтан аман қалады екен. Кейін мергендер оны киелі жануар санап, атпайтын болған. Міне, осы сұлу аңға Ықылас Дүкенұлы «Жезкиік» атты күй арнаған, - деген ақпарат бар.
Берік Рысбаев атап өткендей, қазақ киелі деп таныған жануарлар аз емес.
Бұл - жануарларға көрсетілген құрмет. «Аққуды атпа, киесі тиеді» деп те айтады. Халықты күшпен ешқашан тыюға болмайды. Адамның жануарлар әлеміне деген сүйіспеншілігін оятып, жүрегіне тек сөз арқылы жол табуға болады. Сондықтан бұл үгіт-насихаттың түрі. Адамнан жануарды қорғаудың әдісі. Сондықтан қазақ елінің тарихында киікке қатысты ән мен жыр, күй де аз жазылмаған. Халықтың санасын оятып, жүрегіне жетудің жолы деп ойлаймын, - дейді ол.
Браконьерлер киікті атса, киіктің киесі оларды атқан жағдайлар да бар.
Аяқ астынан көлікпен аударылып, өздерін-өзі атып алып жатқан жағдайлар бар. Киіктің киесі бар екенін сезіну керек. Киік 5-10 мыңға дейін шоғырланып жүреді. 10 мың киік егіннің үстімен өткенде таптап кетеді. Ондай жағдайлар да кездеседі. Біз жер иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Оларды тек үркітуге ғана болады, - дейді ол.
Мүйіз бен мылтық
Киікті браконьерлер мүйізі үшін аулайды. Ал мүйіз тек ақбөкеннің еркектерінде ғана болады. Киіктің мүйізінен Шығыс медицинасында дәрі-дәрмек жасалады. Яғни, оған сұраныс жоғары. Сондықтан браконьерлер бұл істі кәсіпке айналдырған. Киік мүйізінің салмағы жасы мен дене салмағына байланысты болады. Мүйіздің бір келісі қара базарда болжам бойынша 2-3 мың долларды құрайды.
Ал Қытай нарығында тіптен 7-8 мың долларға жетеді. Мәселен, 2018 жылы дамыған Сингапурде жүргізілген сауалнама бойынша халықтың 13 пайызы киік мүйізінен жасалған дәріні қолданатыны белгілі болған.
Браконьерлермен күрес кезінде мемлекеттік инспекторлардың өміріне қауіп төнген жағдайда олар қарсы оқ атуға құқылы. Киікті заңсыз атқандарға қатысты жаза да қатаңдатылды. Меминспекторлардың қажетті қорғаныш заттары мен киім-кешектері бар. Ал браконьерлердің маусымы жоқ. Қылмыскерлер жылдың 4 мезгілінде де өз бабында. Әсіресе, түнгі уақытта жорыққа шығады екен. Мемлекеттік инспекторлар браконьерді ұстаған жағдайда оларға жалақыдан 150 пайыздық сыйақы төленеді.
Жыл басынан бері Қазақстанда ұсталған браконьерлерден 256 тұтас ет пен 1245 киіктің мүйізі тәркіленген. Сәкен жырлаған жануар «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Ар мен ақша
Өткен жылдың басында мейірімге толы осы сурет желіде тарап кетті. Өкінішке қарай, суреттегі кейіпкер бүгінде ортамызда жоқ.
2019 жылғы қаңтарда республикалық «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапты. Ол өмірінің соңына дейін Қазақ даласының символына айналған киіктерді қорғау жолындағы борышын адал атқарды.
Марқұм Ерлан Нұрғалиев пен қылмыскерлерден зардап шеккен оның әріптесі Петр Ницыкті қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады 2019 жылдың 23 шілдесінде Ақмола облысы Бірсуат ауылында төрт қорықшы киікті қорғау мақсатында өңірді көлікпен шолуға шыққан.Олар браконьерлердің үстінен түсіп, тәртіп бұзушылар қорықшыларға оқ жаудырады. Оқиға салдарынан жарақат алған Қаныш Нұртазин көз жұмды. Оның артында 5 баласы мен әйелі қалды. Екінші қорықшы Самат Оспанов кеудесі мен иығынан жарақат алып, ауруханаға түседі. Президенттің жарлығымен марқұм мен Оспанов та «Айбын» орденімен марапатталады.
Табиғатты қорғау инспекторларының жұмысына осы оқиғалардан кейін ерекше назар аударыла бастады. Олардың жұмысы қаншалықты ауыр әрі қауіпті екені қоғамға жетті.
Берік Рысбаевтың айтуынша, қорықшы қызметіне келетін азаматтардың саны азайған жоқ.
Себебі бұл жұмысқа табиғаттың қадірін түсінетін, далаға жақын, жанкешті азаматтар келеді. Қауіпті екені анық. Бірақ бұл шешім қабылдаған азаматтарға қорқыныш ұялата алмайды. Қызметке көбінесе ауылдың жігіттері келеді. Себебі адам неғұрлым табиғатқа жақын болса, соғұрлым жанкешті бола түседі. Адамның санасы бар кезде табиғатты қорғау жойылмайды. Қазір адамзаттың табиғатқа деген көзқарасы өзгеріп жатыр. Оның қадір-қасиетіне адамдар енді жетіп жатыр, - дейді ол.
Ақшаға арын сатып, оңай әрі жылдам ақшаға кенелуді көздеген браконьерлерді киіктің өлімі ғана емес, адамның өлімі де тоқтатпай отыр. Киік атқандар енді 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл браконьерлік қылмысты тоқтатуға септігін тигізеді деген аз да болса үміт бар.
Киік қырылған
Ақбөкеннің саны бір ғасырға жуық уақыт ішінде бірнеше рет күрт азайып, кейін қайта көбейген. 2000 жылдардың басында Қазақстандағы киіктер саны 30-35 мыңды ғана құраған екен.
Енді көбейіп келеді-ау деген жануардың түрі 2015 жылы пастереллез індеті салдарынан тағы да қырылады. Бірнеше апта ішінде 150 мыңнан аса киік, яғни, ақбөкеннің 60 пайыздан астамы қырылып қалады.
2019 жылғы әуе есебінің нәтижесі бойынша, Қазақстандағы киіктердің жалпы саны 334 400 басты құрайды, соның ішінде бетбақдалалық популяция – 111 500 бас, оралдық популяция – 217 000 бас және үстірттік популяция – 5 900 бас.
2018 жылы бұл көрсеткіш 215 100 басты құраған екен. Былтыр өткен жылмен салыстырғанда өсім 55,5 пайыздан асқан. Биыл әлемді жаулаған коронавирус пандемиясы салдарынан киіктердің санағын жүргізу жүзеге аспай қалған.Бірақ қыркүйекте мониторинг жасалады. Болжам бойынша, Қазақстандағы киіктер саны 500 мыңа жетіп қалуы керек. Алайда бұл киіктің отанына айналған жеріміз үшін әлі де аз. Қорықшылардың айтуынша, киіктердің тағдырына алаңдамау үшін олардың саны 1 млн болуы керек.
P.S. Киіктің киесі бар екені сенген мен көргенге – ақиқат, иесі оның -табиғат. Табиғат - адамзатқа аманат. Табиғатты анаға да телиміз. Ал аманат пен анаға - қиянат жасауға болмайды.