Киік санын қалай реттеу керек? – Депутат ұсыныс жасады
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров киіктердің санының шектен тыс көбеюіне байланысты оны реттеудің тәсілдерін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қожаназаров киіктер санын тек экологиялық емес, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да қарастыру қажет.
Депутаттың пікірінше, реттеудің ең тиімді жолдарының бірі – трофейлік аңшылықты заңдастыру.
Бұл арқылы бірнеше мәселені қатар шешуге болады. Шетелдік аңшылық туризмді дамытып, лицензия сату арқылы ел бюджетіне миллиардтаған қаржы тартуға мүмкіндік бар. Жылына 1000-2000 лицензияның өзі миллиардтаған доллар табыс әкелуі мүмкін, – деп атап өтті ол.
Депутат биологиялық іріктеу, яғни жануарларды ғылыми негізде ату арқылы олардың етін әскерге, түзеу мекемелеріне және басқа да мемлекеттік құрылымдарға белок көзі ретінде жеткізуді ұсынды.
Бұл тәсіл бір жағынан ауыл шаруашылығы жерлерін сақтауға, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарын ашуға, үшіншіден – бюджетке қосымша кіріс көзіне айналар еді. Төртіншіден, киік мекендейтін ауыл тұрғындары үшін бұл табыс табудың, өздерін қамтамасыз етудің жолына айналуы мүмкін, – деп атап өтті ол.
Қожаназаров сонымен бірге киіз мүйіздерін өңдеуді заңдастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл өнімге Қытай, Вьетнам және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жоғары сұраныс бар.
Егер біз осы елдермен дұрыс келісімшарт жасап, субөнімдерді өңдеуді заңдастырсақ, бұл бұрын болмаған қосымша бюджет түсіміне жол ашады. Киіктерді ату тек 1 қыркүйектен кейін, төлдеу маусымы аяқталған соң ғана мүмкін болуы тиіс. Қазір атуға болмайды. Бірақ күзге дейін популяцияны реттеудің барлық тетіктерін қарастыруымыз қажет, – деді депутат.