Киік санын азайту керек – сарапшылар түсіндірді
Қазақстанда киік саны 4 миллионға жуықтады. Қоғамда түз тағысының популяциясын реттеуге қатысты әртүрлі көзқарас бар. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі тақырыпты саралап, сарапшылардың пікірін білді.
Киік – мұз дәуірінен бері тіршілігін сақтап қалған сирек жануарлардың бірі. Бұл түрдің бүгінге дейін жетуі олардың ерекше бейімделу қабілетінде жатыр.
Олар мамонттар мен қылыш тісті жолбарыстар сияқты мұз дәуірінде жойылып кеткен жануарлармен қатар өмір сүрген.
Мұз дәуірінде жердің үлкен бөлігі мұзбен жабылғанда киіктер ашық дала мен шөлейт жерлерге бейімделіп, тіршілігін жалғастырды. Бұл жануар суыққа төзімді келеді. Өйткені олардың денесі аязда жылуды ұстап тұра алады, ал жаздың аптап керісінше терісі күн өткізбейді. Мұз дәуірінде климаттың өзгеруі және азықтың аздығы киіктерді жаңа жерлерді жайылуға мәжбүр етті. Олар мыңдаған шақырымға қоныс аударып, мекен іздеуге бейімделді. Осылайша киік қиын дәуірден аман шықты.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған ақбөкендердің қаңқасына қарағанда, олар ертеректе Ұлыбритания аралынан бастап Аляскаға дейінгі кеңістікте өмір сүрген. Қазақстан аумағында Павлодар облысындағы Ямышево мен Подпуск ауылдарында, Семей қаласының түбінен, Нұра өзенінің бойынан, Жамбыл облысындағы Қараүңгір мен Үшбас үңгірлерінен ежелгі және орта антропогеннен қалған киіктердің сүйектері табылды. Тамғалы жартасындағы киіктің суреттері біздің заманымызға дейінгі VІІ-V ғасырларда қашалып салынған.
ХІV-XVІ ғасырлардан бері ауыздан-ауызға тарап келе жатқан халық эпостарында қазақ жеріндегі сансыз көп ақбөкен туралы айтылады. Көптеген елді мекеннің "Киік" деп аталуы да бекер болмаса керек.
Киік саны
Соңғы 20 жылда киік басы 6900%-ға өсіп, 2,8 миллионға жетті. Ең қызығы, салыстырмалы түрде қарасақ, 2005 жылы олардың саны 40 мың ғана еді. Бүгінде киіктің 95%-ы Қазақстанда мекендейді.
Өткенге көз жүгіртіп, ақбөкеннің неге азайғанын анықтайық.
Бірінші кезең – 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басы.
КСРО ыдырағаннан кейін ақбөкендерді заңсыз аулайтындардың қарасы көбейді. Себебі Қытайда киік мүйізіне сұраныс артты. 1991 жылы киік саны шамамен 1 миллион болса, 2003 жылға қарай бұл көрсеткіш 21 мыңға дейін төмендеді.
Екінші кезең – 2015 жылғы пастереллез эпидемиясы.
2015 жылы Қазақстанның бірнеше өңірінде (Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстары) киіктер арасында пастереллез инфекциясы өршіді. Салдарынан 200 мыңнан астам киік қырылды. Әсіресе, бұдан Бетпақдала популяциясы көп зардап шекті.
Соңғы 8-9 жылдың көлемінде түз тағысын мемлекеттік деңгейде қорғау күшейді. Нәтижесінде олардың саны артты. 2023 жылы Қазақстандағы киіктер саны 2 миллионға жуықтағаны анықталды. Бұл экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға аз да болса кері әсер етті. Мәселе күн тәртібіне қойылды. Себебі киік санының шамадан тыс көп болуынан ауыл шаруашылығы зардап шеге бастады.
Қазақы ұғым
Бұрынғы қазақ киікті өлтіру табиғатқа қастандық жасаумен бірдей деп есептеген. Биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұрышев те киік мәселесіне келгенде осындай ұстанымда.
Киікке қазақ халқы ерекше құрметпен қараған. Киікті бекер өлтіруге тыйым салынған. Өйткені бұл табиғат заңына қарсы әрекет деп есептелген. Киік аштық кезінде амалсыз ауланған, ал оның еті мен мүйізі шипалы деп саналды. Бүгінде ақбөкеннің мүйізінен дайындалатын дәрілерге сұраныс жоғары. Киік шөпті талғап жейді. Сондықтан оның еті де ерекше құнарлы әрі пайдалы деп есептеледі. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауыз әдебиеті мен аңыз-әфсаналар, жыр-дастандарда осы бір жануарды мысал еткен деректер жиі кездеседі. Себебі зияны жоқ дала еркесі болғандықтан ұрпақтың адами болмысының қалыптасуына тәрбие құралы ретінде пайдаланса керек.
Қазіргі таңда фермерлер "Киіктер жайылымды құртты" деп шағымданып жүр. Биологияда "Табиғат не істеп жатқанын жақсы біледі" деген түсінік бар. Елімізде ақбөкеннің көбеюінің де өз себебі бар. Мәселен 2020 жылдан бастап пандемия болды, ғарышқа зымырандар аз ұшырылды. Осыдан кейін киік саны арта бастады, - деді Мұрат Нұрышев.
Ақбөкенді неге атпау керек?
Ғалым егер киік санын варварлық әдіспен реттесек, еліміздің имиджіне нұқсан келуі мүмкін екенін ескертті.
Сондықтан алдымен CITES ұйымының (Халықаралық флора мен фаунаны қорғау ұйымы) рұқсатын алуымыз керек. Мұны 3 жылдан бері айтып келе жатырмын. Бізге киікті ату дегенді доғару керек. Оның орнына киіктің еті мен сүйегін өңдейтін фармакологиялық өндірісті дамыту қажет. Оның мүйізі мен етін дұрыс пайдаланып үйренуіміз керек. Мәселен кенгуру – Аустралияның символы. Онда аңшы кенгуруды атқысы келсе, құзіретті органдарға оның табиғатқа зиян келтіріп жатқанын дәлелдеуі қажет, - деді ол.
Киік етін өңдейтін зауыт ашу керек
Мұрат Нұрышев киік етінің 100 грамы шамамен 100 доллар тұратынын жеткізді.
Киік етін шетелден іздеп келетіндер көп. Себебі ол дәрумендерге бай әрі пайдалы ет. Киіктер шөптің 50 түрінің біреуін ғана талғап қорек етеді. Ал жылқы 8 шөптің бірін жейді. Осындай талғампаздығымен мамонттар мен мүйізтұмсықтар дәуірінен бері аман келе жатыр. Әлемде әртүрлі жануардың етінен тамақ жасайтын орындар бар. Бірақ киіктің етінен жасалған өнім жоқ. Сондықтан ет комбинатын ашуымыз қажет. Одан бұрын нақты қандай өнім жасайтынымызды біліп алуға тиіспіз. Меніңше, бұл тақырып қазақстандық ғалымдар үшін таптырмас мүмкіндік. Егер тереңірек зерттесек, мықты ғалымдар көптеп шығарамыз, - деп түйіндеді ол.
Киіктің бір бөлігін ғана аулаған жөн
Биыл көктемде еліміздегі киік саны 3 миллионға жеткен. Биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренконың дерегінше, олардың саны қазір 4 миллионға жуықтаған.
Биыл мамырда төлдеу кезеңі өтті. Сол уақыттан қазірге дейін 4 миллионға жуықтауы мүмкін. Алайда бұл көрсеткіштер тек болжам. Себебі бүкіл киік саны есептелген жоқ. Мемлекет пен үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың қолдауымен киік саны артып отыр, - деді ол.
Бетпақдала, Орал және Үстірт популяциясы
Киіктердің ең үлкен популяциясы Батыс Қазақстан облысында – 1 млн 620 мың. Ең аз популяция – Үстірт (Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарының бір бөлігін қамтиды). Мұнда ақбөкендер Үстірт жазығының солтүстігін мекендейді. Бұрын бұл аймақта киік саны 250 мыңнан асқан болса, қазір шамамен 60 мың ғана.
Біз популяцияны реттеу туралы сөз қозғағанда, киікке қауіп деп қарамауымыз керек. Реттеу деген оны бірден атып, көміп тастау деген сөз емес. Киік – адамға қас емес. Ол бағалы әрі тез қалпына келетін табиғи ресурс. Олардың санының көбеюі – үлкен жетістік. Бірақ киіктердің үдере көшіп жүруіне байланысты оларды қорғау қиын. Киіктердің 20%-ын аулауға болады. Мәселен көктемде киік саны миллион болса, күзде 200 мыңға азайтсақ, бұл популяцияға кесірін тигізбейді. Тек олардың өсуін тоқтатады, бірақ саны бірқалыпты сақталады, - деді Скляренко.
Киіктердің саны әр екі жыл сайын көбейіп отырады. Десе де Экология министрлігінің нақты жоспары болуға тиіс.
Популяцияны басқару дегеніміз тек санды реттеумен шектелмейді, басқа да кешенді шаралар бар. Мұнда нақты басқару жоспары қажет. Экология және табиғи ресурстар министрлігі киікке қатысты жоспарды әзірледі. Министрлік популяцияны қорғау, қалпына келтіру және оны тұрақты пайдалану арасында тепе-теңдікті сақтауы керек, - деді Сергей Скляренко.
"Қызыл кітапқа" енбеген
Зоология институты биоценология және аңшылықтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов елімізде киік саны Кеңес кезеңіндегі көрсеткіштен 2-3 есе көп екенін жеткізді.
Кеңес одағында киік саны оны аулау арқылы реттелген. Ол кезде кәсіби аңшылар жұмыс істейтін арнайы ұжымдар болды. Көбіне спорт шебері атағына ие мамандар ғана ата алатын, - деді сарапшы.
Киік басы артса, ауру таралады. Бірақ Константин Плаховтың сөзіне сенсек, табиғаттың өзі популяцияны азайтуы мүмкін.
Ғылымда "топтық әсер" деген ұғым бар. Мысалы, киіктер үйір болып, бірігу арқылы өлімнен аман қалады. Алайда олардың саны шамадан тыс көбейсе, табиғат популяцияны шектей бастайды. Бұл қуаңшылық немесе індет арқылы көрініс табуы мүмкін. Алайда киік санының артуы – біз күткен құбылыс. Олар басқа жануарларға қарағанда популяциясын тез қалпына келтіреді. Киіктердің ұрғашысы екі-үштен төлдейді, - дейді ғалым.
Киіктің орташа өмір сүру ұзақтығы – 6 жыл.
Киік Қазақстанда ешқашан "Қызыл кітапқа" енгізілмеген. Бірақ олар Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізімінде тұр. Қазақстанда әлемдегі киіктердің 90%-ы мекендейді. Бір жағынан, бұл – үлкен жетістік, екінші жағынан – зор жауапкершілік. Киіктер ХТҚО-ның Қызыл тізіміне енгізілгенімен, бірақ бұл Қазақстанға міндет жүктемейді. Өйткені біз өз аумағымыздағы популяцияның ерекшелігін ескеруіміз керек, - деді Константин Плахов.
Үстірт популяция қалай өсті?
2016 жылы Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) киікті қорғау шаралары үшін 21 миллион теңге бөлді. Бұл жобаның басы ғана еді. КҚК Үстірт, Бетпақдала және Орал популяцияларының орналасқан жерін дәл анықтауға мүмкіндік беретін Globalstar және Iridium спутник жүйелерімен жабдықталған Sirtrack/Lotek модельді 30 радио қарғыбауын сатып алды. Қарғыбаулар 2-2,5 жылдан кейін автоматты түрде шешіліп, кейін қайта пайдалануға жарамды. Қарғыбау – Iridium Collar G5C 175E (Solar Assist – Sirtrack) әлемдегі күн панельдерінен энергия алады.
Іс-шаралар мұнымен тоқтаған жоқ. 2017 жылы КҚК тағы киіктерге зерттеу жүргізу үшін тағы 27 млн теңге қаржы бөлді. Қаражат көбіне экологиялық-ағартушылық жұмыстарға жұмсалды. Нәтижесінде Үстірт популяциясына бұл атқарылған шаралар оң өзгеріс әкелді. Бұл – соңғы 10 жылдағы алғашқы жетістік еді. Ал 2019 жылы КҚК жерден басқарылатын ұшу аппаратын (ҰҰА) сатып алды. Ол киіктің орындарын анықтауға және қорғауға көмектесті. Осылайша жалпы есепте консорциум 2016-2021 жылдар аралығында осы мақсатқа 80 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
"Алтын дала" табиғатты қорғау бастамасы
Қараша айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) табиғатты қалпына келтіруге үлес қосқан 10 инновациялық жобаны марапаттады. Оның бірі – "Алтын дала" табиғатты қорғау бастамасы.
Бағдарлама 2008 жылдан бастап Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Ұлыбританияның құстарды қорғау Корольдік қоғамымен бірлесіп іске асырылып жатыр.
Бастама аясында тіршілік ету ортасына жойылу және аңшылық салдарынан жойылып кету қаупі төнген киіктердің тіршілік ету аумағын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Нәтижесінде 2006 жылы киік саны 50 мың бас болса, 2022 жылы 1,3 миллионнан асты.
Киік мәселесі Голливуд жұлдызын да алаңдатады
Былтыр америкалық әйгілі актер Леонардо Ди Каприо әлеуметтік желідегі парақшасында киік популяциясына қатысты жазба жариялады. Ол Қазақстан үкіметіне алғыс айтты. Оның айтуынша, ақбөкендер жойылып кетуі мүмкін жануарлардың тізіміне енген. Алайда бұл қауіп сейілген.
Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Ол Қазақстандағы киік популяциясының сақталғанын білдіреді. 2005 жылы 48 мың ғана киік болса, қазір олардың саны 1,9 миллионға дейін жетті, - деді актер.
Мәжіліс депутаттары не дейді?
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев киік мәселесіне қатысты Экология министрлігі бір шешімге келе алмай отыр деген пікірде. Депутат шаруалардың шағымы жылдан-жылға артып жатқанын тілге тиек етті.
Жағдайды жақсы білеміз. Киік мәселесіне қатысты өз фракциямыздың атынан Экология министрлігіне бірнеше рет сауал жолдадық. Оларға бір шешімге келіп, нақты шараларды қабылдауды сұрадық. Өйткені шаруалардың шағымы жиілеп кетті. Өкінішке қарай, бүгінде министрлік нақты бір шешімге келе алмай отыр. Жақын арада Үкімет бір шешімге келеді деп үміттенеміз. Өзім ауыл шаруашылығында агроном болып жұмыс істеп жүргенде бұл мәселемен бетпе-бет келдім. Мысалы, ақбөкендер егінді таптап, жұмысты қиындататын. Ең үлкен популяция – Орал киіктері. Министрліктің соңғы ұсыныстарының бірі сол популяцияның жартысын Ресей шекарасынан өткізіп жіберу. Алайда ол іс-шара қандай нәтиже беретінін уақыт көрсетеді. Дегенмен қандай шара қабылдасақ та, қозғалыс оң бағытта болуға тиіс, - деді ол.
Депутат былтыр Бөкей Ордасы фермерлері электронды бақташы жүйесін пайдаланғанын жеткізді. Құрылғы арқылы киіктердің қайда жүргенін білуге болады.
Бүгінде жүйеге субсидия беріліп жатыр. Десе де құрылғы кең көлемде тарап үлгерген жоқ. Кейбір сарапшылар қоршау қою жайлы ұсыныстар айтып жатыр. Миллионға жуық киік жүргенде қазақтың кең даласын қоршап тастау мүмкін емес деп білемін. Қазір киік мәселесіне қатысты қоғам пікірі екіге жарылды. Кейбір азаматтар ату керек десе, енді бірі тимеу керек деп есептейді. Меніңше, ақиқат – ортасында. Бәлкім, жоғарыдағыдай шаралар қолдану қажет шығар. Күндердің күні олардың саны 4 миллионнан асып кетсе, белгісіз індет тарауы мүмкін. Салдарынан еті бүлініп, қолда бардан айырылып қалуымыз ғажап емес, - деді депутат.
Жануар арасында індет таралу қаупі бар
Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров "киікті қасиетті жануарға теңеуге болмайды" деген пікірде.
Біріншіден, қазақ халқы киікті құрметтейді. Себебі, ата-бабамыз киіктің етін жеп жұттан аман шыққан. Бірақ менің ойымша, киікті қасиетті жануарға теңеуге болмайды. Екіншіден, еліміздегі бүкіл киіктің саны 3 миллионнан асып кетті. Кеңес үкіметі олардың санын 500 мыңнан асырмайтын еді. Көп адам "Табиғатқа кедергі жасамайық, өсе берсін" деген пікірде. Бірақ бұл жерде бір түсінбестік бар. Өйткені халық киіктен келер қауіпті сезініп отырған жоқ. Бүгінде киіктер үйдегі төрт түлікпен бірге жайылып жүр. Үй жануары болмағандықтан киіктің бізге беймәлім ауруы болады. Тіпті індеттің таралу қаупі бар. Болашақта бұл үй жануарларына жұқса, көп ұзамай халыққа да жетеді. Сондықтан да биологиялық қауіпсіздікке міндетті түрде назар аудару керек, - деді ол.
Сонымен қатар депутат аңшылық туризмді дамыту қажет деп альтернатива ұсынды.
Елімізде экологиялық туризмді қолға алып, киікті аулауға лицензия сатуымыз керек. Жиналған ақшаға қор ашып, экологияға көңіл бөлеміз. Бұл ұсыныстардың бәрін Үкіметке бердік. Қазір олармен тығыз байланыстамыз, - деді Айдарбек Қожаназаров.
Экология министрлігінің шешімі қандай?
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Орал популяциясының жері кеңейтіліп, көрші елмен келісім жасалғанын айтады.
Волга-Орал киік популяциясының еркін миграциясын қамтамасыз ету үшін экологиялық дәлізді кеңейту туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі арасында келісім жасалды. Қазақстан Үкіметі киік мекендейтін аумақтарда жалпы ауданы 5 млн 81 мың 485 гектарға жететін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құрып, кеңейту жұмысын жүргізді. Олардың ішінде Бетпақдала популяциясын қорғау үшін "Ырғыз-Торғай", "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерваттары және Волга-Орал популяциясын қорғау үшін "Бөкейорда" резерваты құрылды, - деді министрдің орынбасары.
Иә, популяция үшін жердің кеңейгені жөн-ақ. Бірақ мұның шаруаларға әсері қалай болмақ? Таяқтың екі ұшы болса да, тиісті министрлік барынша шешім шығарғандай. Ведомстваның берген жауабында өңірлерде жедел штабтар құрылыпты. Олардың міндеті не?
Ведомство фермерлерге жерін сақтау үшін көмек бермек. Жер инспекциясы қызметкерлерінің күшімен бүгінге дейін ауыл шаруашылығы жерлерін патрульдеу ұйымдастырылды, вахталық әдіспен кезекшілік жүргізілді. Бұл жұмыстарға шамамен 175 адам мен 77 техника тартылды. Нәтижесінде биыл егіс алқаптары мен шабындықтардың бүлінуіне жол берілмеген.
Фермерлерге қандай жеңілдік жасалады?
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің инвестициялық шығындарын өтеу бойынша субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын әзірлеген.
Жобада ауыл шаруашылығы жерлеріне арналған сым торлар мен арнайы қоршаулар құнын төмендету қаралған. Қазір жоба мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралып жатыр.
Ғылымсыз тағы іс бітпейді. Киіктерді қорғауда халықаралық тәжірибе тағы бар. Сол үшін бұл міндетті түрде ескеріледі.
Халықаралық тәжірибе тұяқты жануарлардың (маралдар, жабайы қабандар, киіктер және басқа түрлер) санын реттеу және бақылау бойынша халықаралық тәжірибе популяцияны басқару іс-шараларын, биоәртүрлілікті сақтауды және табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануды үйлестіруге негізделген. Әртүрлі елде экожүйенің, әлеуметтік және экономикалық жағдайдың ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі әдіс қолданылады, - деп сөзін түйіндеді вице-министр Нұркен Шәрбиев.