"Киік еті қауіпсіз бе?": Ғалымдар жаңалық ашты
Қазақстанда киік санын реттеу соңғы жылдары қоғамда резонанс тудырып келеді. Сирек кездесетін аталған жануар популяциясының өсуі көпшілік арасындағы пікірталасты қыздыра түсті. Мамандар оны қалай пайдаға жаратуды ойластыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда Оралда киік етінен шұжық жасау қолға алынғаны белгілі болды.
Нарыққа шығатын күн алыс емес
Киіктің еті мен консервіленген етін Алматыдағы Қазақ тағамтану академиясының зертханасына зерттеуге жіберген едік. Зерттеу нәтижесі мен Қазақ тағамтану академиясының сараптама нәтижесіне сәйкес, киіктің еті зиян емес. Балаларға және ересектерге пайдалы. Өйткені оның еті майлы емес, энергетикалық құндылығы жоғары. Әрі диеталық ет. Ал шұжыққа келер болсақ, Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгірхан университетінде эксперимент ретінде жасалып жатыр. Пісіріліп ысталған шұжықтың әзірге қашан нарыққа шығатыны, бағасы қандай болатыны белгісіз, - дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ұарасты Аңшылық шаруашылық бөлімінің басшысы Мадияр Имашев.
Нәтижесі бойынша жақсы шықты.
Киіктің етінің дәмі қой етіне ұқсайды. Өзім зерттеу жқмысы басталғанда киік дәмін татып көрдім. Шұжық пен киік еті сұранысқа ие болса, ет комбинаттарының сұранысы мен қызығушылығына қарай нарыққа шығарылады, - деп түсіндірді
Киік еті: ағзаға пайдалы әрі диеталық тағам
Қазақстанның шетсіз-шексіз даласын еркін кезіп жүретін киіктің еті – бірегей диеталық өнім. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақ тағамтану академиясы киік етінің тағамдық құндылығы мен қауіпсіздігін жан-жақты зерттеп, тың ғылыми тұжырым жасады.
Бұл туралы Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Ақкүміс Салханова айтып берді. Сараптамалар аккредиттелген зертханада жүргізілді.
Мақсат – киік етін халықтың әртүрлі санатының рационына енгізудің ғылыми негізін қалыптастыру.
Зерттеу нәтижелері киік етінің толыққұнды ақуызға бай екенін көрсетті. Онда ағза үшін аса маңызды аминқышқылдарының толық жиынтығы кездеседі. Май құрамына келсек, бұл ет – орташа майлылықтағы өнім санатына жатады. Еттің майлы қышқылдық құрамы да адам ағзасына қолайлы, әсіресе, денсаулыққа пайдалы қанықпаған май қышқылдары басым.
Тағы бір ерекшелігі – киіктің майы бұлшық еттің арасына сіңіп кетпей, теріасты тіндерде жиналады. Бұл етті жіліктеу кезінде оның майлылығын реттеуге мүмкіндік береді. Осы арқылы өнімнің қуаттылық деңгейін бақылап, оны диеталық тағам ретінде тұтынуға жағдай жасалады.
Киік етінің құнды қасиеттерінің бірі – оның бай витаминдік-минералдық құрамы.
Әсіресеқұрамындағы D дәруменінің мөлшері ерекше назар аудартады: 100 грамм етте – 9,2 мкг бар. Бұл жер үсті жануарларының етінде сирек кездесетін көрсеткіш. Бұл мөлшер бір күндік қажеттілікті толық дерлік өтейді. Сонымен қатар В3 және В5 дәрумендері, темір (3,9 мг) мен мырыш (6 мг) секілді элементтерге де бай. Мұндай құрам темір жетіспеушілігі мен дәрумен тапшылығы жиі кездесетін адамдар үшін таптырмас пайдалы тағам бола алады, - деп атап өтті Ақкүміс Салханова.
Зертхана мамандары киік етінің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударған. Сараптама барысында сынамалардан антибиотиктердің, ауыр металдардың, пестицидтердің, сондай-ақ, адам денсаулығына зиян келтіретін патогенді микроағзалардың ешқандай ізі табылмаған. Демек, бұл ет – экологиялық таза, табиғи әрі биологиялық құнды өнім.
Қазақ тағамтану академиясы бұл етті халықтың күнделікті рационына, сондай-ақ емдік-профилактикалық және арнайы диеталық тағам ретінде енгізуге ұсынды. Тек оны пайдаланғанда ветеринарлық-санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс.
Ақуыз бен майдың құрамы: диеталық тағамға лайық
100 грамм киік етінің тағамдық құндылығы:
• Ақуыздар: 20,1 г – киік еті – құрамы жағынан ерекше: толыққұнды ақуызы ағзаға қажетті аминқышқылдардың барлығын қамтиды.
• Майлар: 9,2 г – құрамында денсаулыққа пайдалы моно- және полиқанықпаған май қышқылдары басым.
• Энергетикалық құндылығы: 163 ккал.
• Дәрумендер: D (9,2 мкг), A (42 мкг), E (4,8 мг), B5 (8 мг), B3, B4 және C.
• Минералдар: Темір (3,9 мг), Мырыш (6 мг), Магний (20,3 мг), Кальций (12,5 мг), Мыс, Селен.
Мұндай құнды құрам – киік етін күнделікті тұтынуға ғана емес, сонымен қатар емдік-профилактикалық мақсатта қолдануға мүмкіндік береді. Әсіресе, D дәруменінің, темірдің, жоғары сапалы ақуыздың тапшылығынан зардап шегетін адамдар үшін бұл өнім таптырмас тағамға айналуы мүмкін.
Кімдер үшін пайдалы?
Киік еті мынадай санаттағы адамдар үшін ерекше пайдалы:
- өсіп келе жатқан балалар,
- жүкті және бала емізетін аналар,
- қарттар,
- физикалық және интеллектуалдық жүктемесі жоғары адамдар,
- теңіз өнімдері тапшы өңірлердің тұрғындары.
Киік популяциясы артып барады
Елімізде соңғы жылдары киік саны айтарлықтай көбейді. Экология министрлігінің дерегінше, Қазақстан аумағындағы киіктердің жалпы саны 3,9 млн-нан асып, кеңестік кезеңдегі көрсеткіштен үш есеге көбейген. Осыған байланысты популяцияны реттеу қажеттілігі туындап отыр.
Ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері киіктердің егістік алқаптарына зиян келтіріп, малмен жайылым үшін бәсекеге түсіп жатқанын алға тартуда. Министрлік бұл мәселені ғылыми дәлелдер мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, іріктеп реттеу әдісімен шешуді жоспарлап отыр.
Жоспарға сәйкес, реттелген киіктердің еті қайта өңделіп, іске жаратылады. Қазірдің өзінде бұл бағытта инвесторлар табылып, етті қайта өңдеу ісіне қызығушылық танытып отыр.
Киік еті – Қазақстанның табиғи байлығы ғана емес, денсаулықты нығайтатын бірегей тағам. Ғылыми негіздемесі жасалған бұл өнім болашақта халықтың сапалы және пайдалы азыққа деген сұранысын өтеуге үлкен үлес қоса алады.
Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің 1 келісінің құнына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Сондай-ақ министрлік 800 мыңға жуық бас киікті табиғи ортадан алу туралы шешімді неге сүйеніп қабылдағанын айтты.