Киевте ерекше гүл көрмесі ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көрмедегі оннан астам композицияны құрауға 30 мың түп хризантема қолданылған екен. Биіктігі 5 метрге дейін жететін балерина, Эйфель мұнарасы, махаббат тунелі, құйрық-жалы төгілген жылқы, гүлден жасалған сұлу саябақ бірден ертегі әлеміне жетелейді, деп жазды Хабар24.
«Махаббат тарихы» деп аталатын гүл-көрмесі – карантин кезінде еркін қыдыруға болатын әдемі орындардың бірі. Мұндағы композициялардың барлығы дерлік «бақытгүлден» яғни хризантемадан жасалған.
Өте әдемі саябақ, көктем мен күзде келуді әдетке айналдырғанбыз. Әсіресе, қазір алтын күз көрменің ажарын аша түскен. Мұндағы композициялар үлкен шеберлікпен жасалған, - дейді тұрғындар.
Ұйымдастырушылар дала сұлуларынан соғылған мүсіндердің барлығы дерлік қолмен жасалғанын айтады. Ол үшін жүзден астам жұмысшы жұмылдырылған екен.
Биыл біз 30 мың тал хризантема отырғыздық, олар млн бүршік жарды. Гүлдерді әртүрлі сорты мен түсі біз таңдаған махаббат тақырыбын аша түсті. Композицияларды құрау үшін ағаш, темір, платистикті де қолдандық. 5 метр металл жақтаулар жасалды, соның негізінде алып балерина айналып тұр, - деді көрмені ұйымдастырушы Дмитрий Варналий.
«Махаббат тарихы» деп аталған гүл-көрме Киевте қазан айының соңына дейін жұмыс жасайтын болады. Ұйымдастырушылар карантин кезінде келушілер саны 100 мыңға жуық болар деп топшылап отыр.
Өйткені Украина бойынша эпидемиологиялық жағдай қазір мәз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сай, ковид жұқтырғандар саны тәулігіне 23 785 адамға жеткен, індеттен бір күнде 614 адам қайтыс болған. Сондықтан 23 қазан мен 8 қараша аралығында Украинаның мектеп оқушылары каникулға ерте шығады.