"Киелі мекен". Шерқала және Ақмыш сайларынан 50 қапқа жуық қоқыс жиналды

Маңғыстаулық жастар Шерқала, Ақмыш сайы аумақтарында сенбілік ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Mangystaumedia.kz мәліметінше, Ш. Есенов университетінің студенттері "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының "Киелі мекен" аптасында Шерқала, Ақмыш сайы аумақтарында сенбілік ұйымдастырды.

Бес аптаға созылатын "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының алғашқы аптасы облысымызда сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, қала бойынша санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді.

Республикалық акцияның екінші аптасы "Киелі мекен" деп аталады. Бұл шара аясында Шерқала, Ақмыш сайы аумағына барған студенттер 50 қапқа жуық қоқыс жинады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қоқыс демалушылардан кейін қалған.

Біз "Киелі мекен" апталығы аясында 30-ға жуық студент болып, киелі Шерқала, Ақмыш сайы аймақтарына келдік. Маңғыстаудың киелі аймақтарына бару көптен ойымда жүр еді. Міне, осы шара аясында Шерқала тауын да өз көзіммен көрдім. Бұл киелі таудың тарихына қатысты көптеген аңыз- әңгімені естіген едім. Біз Ақмыш сайы аймағынан 30-ға жуық, Шерқала тауының етегінен 10 қап қоқыс жинадық. Студенттердің барлығы белсенді. Еліміздің осындай киелі аймақтарын көзіміздің қарашығындай қорғап, таза сақтасақ деген тілек-ниетіміз бар, - деді шараға қатысушы студент Айбек.

Сенбілікті ұйымдастырушылар тарихи орындарға демалып келуші туристер мен қонақтардан тазалықты сақтауын сұрайды.

Маңғыстау тарихи орындарға бай, аспан асты мұражай өлкесі. Бұл аймақтарға бұрын демалуға келіп тұратын едік. Өлкемізде туризм саласы жылдан жылға дамып келеді. Әйтсе де бізді демалып келушілердің киелі, тарихи орындарға өз қоқыстарын тастап кетуі алаңдатады. Сондықтан осындай сенбілік шараларын жиі ұйымдастырып тұруды жөн санаймын, - деді олар.

Айта кетейік, акция аясы 5 аптаға жоспарланған. Алдымыздағы "Жасыл аймақ" аптасында қалада жасыл желектерді көбейту бойынша жұмыстар атқарылады. Ал "Өнегелі ұрпақ" аптасында жас ұрпақты көгалдандыру жұмыстарына баулуға арналады. Акцияның соңғы "Мөлдір бұлақ" аптасында теңіз жағасында тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Маңғыстау Медиа ЖШС
Өзгелердің жаңалығы