"Киелі мекен": елордада спорт шеберлері экологиялық акцияға қатысты

Елордада "Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. "Киелі мекен» ұранымен басталған экологиялық акцияға Астана қаласының еркін күрес шеберлері бүгін өз үлестерін қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әкімдіктің мәліметінше, олар Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, грек-рим күресінен Әлем чемпионы, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткішіне және айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Айтулы шараға еркін күрестен ардагерлер арасында Әлем чемпионы, әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан және грек-рим күресінен U20 арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, республикалық турнирдің жеңімпазы Мақсат Сайлау сынды спортшылар қатысты.

Еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы елордалық Ризабек Айтмұхан табиғатқа деген жақсы қарым-қатынасын қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды экологиялық акцияны қолдайтының жеткізді.

Сенбілік - бұл таза әлемде өмір сүруге деген ықыласымызды көрсетудің тамаша тәсілі. Сенбіліктерге қатысу - әр адам үшін туған өлкені қалпына келтіру және дамыту ісіне өз үлесін қосуға жақсы мүмкіндік. Осы орайда бүгін өз үлесімді қосып жатырмын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып,  сіздерді  "Таза Қазақстан. Астана-тазалық пен тәртіптің үлгісі" көктемгі экологиялық айлығына белсенді қатысуға шақырамын. 13 сәуір күні басталған экологиялық айлық 11 мамырға дейін жалғасады. Қаламыздың әрбір тұрғыны елордамызды шын жүректен сүйетіндері және осы бастаманы қолдайтынына сенімдімін, - деді Ризабек Айтмұхан.

Экологиялық акция аясында мәдени мұра нысандарының қасбеттерін, ескерткіштер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру бойынша тазалық жұмыстары жүргізілуде.

"Киелі мекен" апталығы басталғалы 40-тан астам ескерткіш тазартылды. Елордада барлығы 117 ескерткіш болса, оның 46-сы – мемлекет қорғауында.

Айта кету керек, Астанада ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Ол бес аптаға созылады, олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналған. Бұл апта «Киелі мекен» деп аталады.

"Жасыл аймақ" деп аталатын үшінші апта ағаш отырғызу мен көшеттерді әктеуге арналады.

4 мамырға дейінгі уақыт – "Өнегелі ұрпақ" деп аталады. Бұл апталық ардагерлер тұратын аулалар мен қарттар үйінің аумағын тазалауға және абаттандыруға арналған.

"Мөлдір бұлақ" деп аталатын соңғы бесінші аптада өзен-көлдердің маңайы қоқыстан тазартылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы