Кибержаттығу неліктен демалыс күндері басталды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде құқыққа қайшы келетін материалдар бойынша ақпарат берді.

Жыл басынан бері ақпарат саласындағы құзіретті органдарға жекеменшік және шетелдік интернет ресурстар әкімшілігіне заңнаманы бұзу фактілерін жою туралы ұсыным берілген болатын. 23 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін материалды жоюға қатысты шара қолдану үшін 7 мыңнан астам хат жіберілді. Алайда, қазір оның 30%-ы ғана орындалды. Осы 23 мыңнан астам құқыққа қайшы келетін материалдың 21 мыңнан астамы - терроризм идеологиясын, діни және этникалық экстремизмді тарату бойынша болса, 731-і порнографияны, қатыгездік пен суицидке табынуды насихаттау, тағы 137-сі есірткі құралдарын насихаттау және тарату және т.б. болып отыр. Сонымен қатар, «Байланыс туралы» заңда көзделген тәртіппен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының аумағынан пайдаланушылар үшін 3 500-ден астам материалға қолжетімділікті шектеді. Яғни, порнография, суицидті насихаттау бойынша – 2066 материал, есірткі құралдарын насихаттау және тарату бойыша – 722, «ойын бизнесі туралы» Заңды бұзу бойынша – 318, терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын тарату бойынша – 186, жалған ақпарат тарату бойынша – 29 және т.б. шектелді, - деді ол.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы жыл басынан бері сот шешімдері бойынша Қазақстан Республикасының аумағынан пайдаланушылар үшін құқыққа қарсы келетін 32 материалға қол жеткізу шектелгенін айтты.

Тарқатып айтар болсам, 8 материал – терроризм, діни және этникалық экстремизм идеологиясын тарату бойынша, 7 материал – есірткі құралдарын насихаттау және тарату, 6 материал – «ойын бизнесі туралы» Заңды бұзу бойынша, 5 материал – қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш құрылғыларды насихаттау, 4 материал – порнографияны насихаттау, 2 материал – авторлық құқықты бұзу және т.б. шектелді, - деді ол.

Осы орайда Руслан Әбдіқалықов кибержаттығу халыққа келер кедергі мейлінше аз болуы үшін мақсатты түрде демалыс күндері басталғанын айтты.

Шетелдік интернет ресурстарды қолдану кезінде қандай да бір кедергі болғаны үшін азаматтардан кешірім өтінеміз. Жаттығудың демалыс күндері басталу себебі – бұл жұмыс аз болатын күн, азаматтарға келер кедергі де сәйкесінше аз болады. Қазіргі таңда қауіпсіздік сертификатына байланысты барлық шаралар аяқталды, - деді Әбдіқалықов.

Бұған дейін Руслан Әбдіқалықов қауіпсіздік сертификаты жөнінде баяндап берген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы