Киберспорт. Қазақ жастары қандай ойындарға құмар?
Қазақстанда қанша киберспортшы бар? Еліміздегі киберспорттың қарқыны қандай? BAQ.KZ тілшісінің сауалына Туризм және спорт министрлігі жауап берді.
2023 жылғы әкімдіктердің статистикалық деректеріне сәйкес өңірлерде 33 мыңнан астам адам киберспортпен шұғылданады. Сонымен қатар 200-ге жуық адам жоғары деңгейдегі турнирлерге қатысады. Қазақстан Республикасының аумағына киберспорт спорт түрін дамытумен "Qazaq Cybersport Federation" республикалық қоғамдық бірлестігі айналысады (2018 жылғы 1 маусымдағы № 72 спорт федерациясын аккредиттеу туралы куәлігі берілді). 2024 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық күнтізбесіне киберспорттан спорттық іс-шаралар, «Киберспорт» спорт түрінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы қалыптастырылған, - деді министрлік.
Киберспортшылар қай қалада көп?
Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында барынша дамыған. Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 26 шілдедегі № 216 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында спорт түрлерін саралау қағидаларына сәйкес, республикалық деңгейде басым спорт түрлерінің республикалық тізбесі және жергілікті жерлерде басым спорт түрлерінің өңірлік тізбесі бекітіледі, олар "А", "В", "С" топтарына бөлінген, бұл спорт түрлерін қаржыландыру үшін негіз болып отыр, - деді спорт министрлігі.
Қазақстандық жастар қандай ойындарды жиі ойнайды?
Министрлік дерегінше, Қазақстандағы ең танымал ойындар - PUBG: Mobile, Mobile Legends: Bang Bang. Компьютерлік ойындардан танымалы - Counter Strike 2 болса, консольдік ойындарда EA FC 24 алғашқы қатарда.
Қымбат Спабек