3 Қараша 2026, 07:47 Фото: TT NEWS AGENCY / AFP via Getty Images

Кибершабуылдың күтпеген нысанасы: хакерлер Еуропадағы супермаркеттердің тоңазытқыштарын істен шығарды

Бельгия мен Швецияның ұлттық киберқауіпсіздік агенттіктері жағдайды бақылауға алғандарын мәлімдеді.

Франциядан кейін Еуропаның тағы жеті еліндегі супермаркеттердің тоңазытқыштары мен мұздатқыш камераларына кибершабуыл жасалды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Шабуылдан ең көп зардап шеккен елдер – Бельгия мен Люксембург. Сонымен қатар Швеция, Ирландия, Нидерланд, Эстония және Финляндияда да осындай жағдай тіркелген.

Еуропа елдеріндегі ондаған дүкеннің мұздатқыш камераларындағы температура 50 градусқа дейін көтерілген. Соның салдарынан ішінде сақталған азық-түлік өнімдері жарамсыз болып қалған. Супермаркет желілері айтарлықтай шығынға ұшырап отыр.

Зардап шеккен тоңазытқыштардың бір бөлігін шығаратын бельгиялық Sabcobel компаниясы құрылғылардың буландырғыштары еріту режиміне ауыстырылғанын, соның салдарынан олардың температурасы көтерілгенін мәлімдеді. Франциядағы шабуыл кезінде де осындай әдіс қолданылған болуы мүмкін.

Sabcobel компаниясының бас директоры Стефан Моэланс оқиғаның кибершабуыл болғанын растады. Оның айтуынша, Франциядағы жағдайдан кейін компания клиенттерінің тоңазытқыштарын осындай осалдықтан қорғау жұмыстарын бастаған. Алайда бұл үшін бағдарламалық жасақтаманы жаңарту жеткіліксіз болған. Құрылғыларға тікелей техникалық өзгерістер енгізу қажет болған.

Еуропадағы супермаркеттердің басым бөлігі интернетке қосылған. Сондықтан олардың техникалық қызмет көрсету және ақауларын жою жұмыстары қашықтан жүргізілуі мүмкін.

Әзірге шабуылдардың артында кім тұрғаны белгісіз.

Бельгия мен Швецияның ұлттық киберқауіпсіздік агенттіктері жағдайды бақылауға алғандарын мәлімдеді.