Кибершабуыл күшейді: Қазақстанда азаматтардың деректері қалай қорғалады?

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун азаматтардың жеке деректерінің таралып кету қаупіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жеке деректерді басқару бөлігінде киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін біз қазірдің өзінде пысықтап жатырмыз. Бұл нормалар Цифрлық кодексте бекітіледі. Негізгі тетіктер: бұл – жеке деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі және жеке деректердің үлкен көлеміне ие субъектілер үшін міндетті биометрия, – деді Дмитрий Мун Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, Қазақстанда қазірдің өзінде биометриялық сервиспен міндетті түрде интеграциялануы тиіс ойыншылар бар. Бұл әрбір сұраныс кезінде деректерге жүгінген адамның жеке басын міндетті түрде растау үшін қажет.

Сонымен қатар бізде "Цифрлық кеңістік" – "Жеке контакт" деген сервис бар. Ол мемлекеттік дерекқорларға, соның ішінде сіздің жеке деректеріңізге жасалатын барлық сұраныстарды қамтиды. Бұл қай жерде ықтимал деректердің таралып кетуі мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ eGov Mobile платформасында жарияланған NomadGuard сервисі бар, ол арқылы азаматтар оқытудан өте алады. Цифрлық сауаттылық артып келеді. Яғни жеке деректерді қай жерде және қалай қалдырған дұрыс, қай кезде мүлде қалдырмау керек, ал бұзу немесе деректердің таралып кету қаупі туындаған жағдайда не істеу қажет екенін адамдар түсіне бастайды, – деп түсіндірді вице-министр.

Сондай-ақ вице-министр соңғы уақытта бұзылған немесе қауіп-қатерге ұшыраған ақпараттық жүйелердің тізімі де жарияланып отыратынын алға тартты. Бұл азаматтардың алдын ала хабардар болуына және қажет болған жағдайда аккаунттарын бұғаттап немесе құпиясөздерін өзгертуіне мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы