Киберқылмыс салдарынан келген шығын көлемі 182 млн теңге

Батыс Қазақстан облысында киберқылмыс көбейіп барады. Биылдың өзінде 53 тұрғын алаяқтардың арбауына түсіп, келген шығынның жалпы сомасы 182 миллион теңгеге жеткен. Ал өткен жылдың осы мерзімінде өңірде тек 31 азамат қана интернет алаяқтықтың құрбаны болған екен. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО Полиция департаменті киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Артур Мұсағалиев мәлім етті.

Алаяқтықтың кең таралған тәсілі - қосарлы қоңырау. Әуелі коммуналдық кәсіпорыннан, байланыс компаниясынан не медициналық мекемеден едік деп телефон соғады. Артынша 1414-тен СМС пароль келеді. Одан соң Ұлттық банктенбіз деп тағы хабарласады. Сіздің атыңызға несие рәсімдеп жатыр деп байланысқа екінші желімен жалған полиция қызметкері қосылады. Алаяқтарға тосқауыл қою үшін қажет деп банк картасының құпия нөмірін сұрап алады. Содан соң қаржы дропперлік шотқа түсіп, артынан ізім-ғайым жоқ болады, - дейді Батыс Қазақстан аграрлық университетінің студенттерімен кездескен басқарма басшысы.

Дәл осылайша жиған-тергенінен айрылғандардың бірі Зашаған кентінің тұрғыны Бауыржан Еркеғұлов. Былтыр өздерін ұлттық банктен деп таныстырғандар оның атына белгісіз біреулердің несие рәсімдеп жатқанын айтқан. Желіге тәртіп сақшысымын деп екінші адам қосылған. Қаскөйлерді қолға түсіру үшін айтқандарын мүлтіксіз орындауды өтінген.

2024 жылдың 30 сәуір күні хабарласты. Алаяқтарды құрықтауға сіздің жәрдеміңіз қажет деді. Нұсқаулары бойынша 2 млн теңгемді банктен алып, көрсеткен шоттарына аудардым. Уайымдамаңыз сіздің атыңызға ешқандай несие болмайды, ақшаңыз кері қайтарылады деді. Білмеймін көңілімде жаман ой болған жоқ. Сеніп қалдым. Гипноздап тастады ма әлде, әйтеуір қалай алып, неге аударғанымды әлі түсіндіре алмаймын, - дейді ол.

Алаяқтардың арбауына түскенін Бауыржан артынан ұғады. Полиция департаментіне арыз жазғанымен әзірге еш нәтиже жоқ.

Бөрлі ауданында бір ғана факті бойынша келген шығын 104 млн теңгені құрады. Ақсай қаласының тұрғыны сатқан пәтерінің ақшасынан, банктегі депозитінен, бар жиған-тергенінен айрылған. Ал медициналық мекемеде жұмыс жасайтын бір адам 43 млн теңгесін белгісіз біреулерге аударып жіберген. Көпшілігі ғаламтордағы жалған жарнамаға сеніп қалып жатады. Бір жылдың немесе бір айдың ішінде инвестжобаға салған қаржыңызды бірнеше есе қылып қайтарасыздар деген бейнероликтер - оңай олжа іздегендердің құрған қақпаны. Сондықтан азаматтардан сақ болуды, жеке басына қатысты құпия мәліметтеді бөліспеуін сұраймыз, - дейді БҚО Полиция департаменті киберқылмыспен күрес басқармасының басшысы Артур Мұсағалиев.

Жалпы өткен жылы БҚО-да 469 киберқылмыс фактісі тіркелген. Азаматтар 1 миллиард теңгесінен айрылған. Ол қылмыстардың 40% ашылған.

Тайыр Жәнібек

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы