2 Қазан 2026, 10:41 Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Киберқауіпсіздік айы: Азаматтарға цифрлық қатерден қорғану жолдары түсіндірілді

Қазақстанда Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жариялаған Киберқауіпсіздік айы аяқталды. Қыркүйек айы бойы еліміздің барлық өңірінде азаматтарға заманауи цифрлық қатерлерді жақсы түсінуге және өздерін әрі деректерін қорғау жолдарын білуге бағытталған білім беру, сараптамалық және ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өтті.

Киберқауіпсіздік айының алғашқы іс-шарасы Халықаралық жасанды интеллект орталығы Alem.ai алаңында өткен «CYBER STEPPE 2026» конференциясы болды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және киберқауіпсіздік саласының өкілдері қатысты.

ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Конференцияның бірінші күнінде сарапшылар киберқауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, заманауи цифрлық қатерлерді және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдерін талқылады. «CYBER STEPPE 2026» конференциясының екінші күні отбасыларға, студенттер мен мұғалімдерге арналды. Күрделі цифрлық қатерлер қарапайым тілмен және практикалық мысалдар арқылы түсіндірілді. Қатысушылар кибербуллинг және онлайн-ойындардағы қауіптер тақырыптары бойынша интерактивті тренажерлерден өтіп, квиздерге қатысты.

Сондай-ақ Астанада Fortinet Security Day іс-шарасы өтті. Кәсіби қауымдастыққа арналған іс-шара барысында кибертәуекелдерді басқарудың заманауи тәсілдері мен қорғаныс құралдарын қолдану бойынша практикалық сессиялар ұйымдастырылды.

Киберқауіпсіздік айының маңызды бағыты өңірлердегі жұмыс болды. 20-дан астам өңірлік іс-шара, оның ішінде форумдар, семинарлар мен практикалық воркшоптар 2 мыңнан астам қатысушыны қамтыды. Кездесулер университеттерде, колледждерде және IT-хабтарда киберқауіпсіздік саласының жетекші сарапшыларының қатысуымен өтті. Олар заманауи киберқауіптер туралы айтып, нақты жағдайларды талдап, дербес деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық бойынша практикалық ұсынымдармен бөлісті.

Мұғалімдердің киберсауаттылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінді. Астанада қалалық Әдістемелік орталықтың әдіскерлеріне киберқауіпсіздік негіздері және цифрлық ортадағы қорғаныс тақырыптарында тренинг өткізілді. Бұдан бөлек, UNICEF-пен бірлесіп Алматы мен Шымкент қалаларында киберқауіптер туралы хабардарлықты және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын арттыруға бағытталған білім беру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Айдың қорытынды ірі іс-шарасы 29-30 қыркүйекте Астанада өткен халықаралық KazHackStan-2026 конференциясы болды.

Бірінші күні қатысушылар азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау, дербес деректердің таралып кетуі, дипфейктердің таралуы және аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мәселелерін талқылады. Негізгі іс-шаралардың бірі «Қазақстанның киберорнықтылығы: мемлекет, технологиялар және ортақ жауапкершілік» тақырыбындағы панельдік сессия болды.

Конференция аясында CyberNomad Awards марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның үздік багхантерлері осалдықтарды анықтауға және цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін арттыруға қосқан үлесі үшін марапатталды.

ЖИ және цифрлық даму министрлігі

KazHackStan-2026 аясындағы тағы бір бағыт практикалық киберқауіпсіздік бойынша CyberKumbez жарыстары және Қазақстан құрамасының Италияда өтетін Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық ICO 2027 олимпиадасына қатысатын мектеп оқушыларын ұлттық іріктеу болды.

Конференцияның екінші күні - Secure Development & Hack Day - киберқауіпсіздіктің практикалық қырына арналды. Қазақстандық және халықаралық сарапшылар техникалық баяндамалар ұсынып, кибершабуылдар мен олардан қорғану әдістерін көрсетті. Сонымен қатар нақты кемшіліктері мен киберинциденттер талданды.

Киберқауіпсіздік айының тағы бір бастамасы «Киберқауіпсіздік өзіңнен басталады!» атты бейнероликтер байқауы болды. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен түрлі жастағы және буын өкілдері қатысты. Қатысушылар өз жұмыстарында цифрлық қатерлер, жеке деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы айтты. Байқау қорытындысы KazHackStan-2026 алаңында шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Киберқауіпсіздік айы аясында Министрлік ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына және азаматтарға арналған практикалық материалдар әзірлеуге ерекше көңіл бөлді. Ресми ақпараттық ресурстарда дербес деректерді, құпиясөздер мен есептік жазбаларды қорғау, цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалану және кең таралған киберқауіптерді анықтау бойынша ұсынымдар тұрақты түрде жарияланды.

Шетелге шығатын қазақстандықтар үшін де цифрлық қауіпсіздік бойынша арнайы жадынамалар әзірленді. Олар кейін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жолданды.

Киберқауіпсіздік айы аяқталды, алайда цифрлық қауіпсіздік ережелері күн сайын өзекті болып қала береді. Мықты кибермәдениет тек технологиялар мен қорғаныс жүйелерінің арқасында қалыптаспайды. Ол әр адамның күнделікті әрекетінен, яғни өз деректеріне ұқыпты қараудан, сенімді парольдерді пайдаланудан, сілтемелерге өту кезінде сақтық танытудан және цифрлық ортада саналы әрекет етуден басталады.