Қазақстанда ХҚКО-лардың жұмыс кестесі қайта қысқарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтар санының күрт артуына байланысты Қазақстанның кей өңірінде карантиндік шаралар қайта күшейтілуде.
Азық-түлік және басқа да базарлар, жәрмеңкелер, қоғамдық тамақтану объектілерімен қатар ХҚКО-лардың да жұмыс уақыты қысқарды.
Сонымен, бас санитарлық дәрігерлердің шешімі бойынша еліміздің 13 аймағында – Қызылорда, Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларындағы ХҚКО-лардың жұмыс кестесі қысқартылды. Ал, Шығыс Қазақстан облысында ХҚКО-ның жұмыс уақытына өзгеріс тек Семей қаласы бойынша енгізілді, - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының фронт-офис қызметкерлері банк операторлары, дәрігерлер мен полицейлер секілді азаматтармен тікелей байланыста жұмыс жасап жатыр. Бөлімдерде санитарлық-эпидемиологиялық, әлеуметтік қашықтық және бетперде режимдері қатаң сақталған. Алайда, қызмет алушылар өздерін жайсыз сезініп немесе сырқат белгілерін байқаса ХҚКО-ға барудан бас тартуға кеңес береміз.
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында автокөлік иелерін мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуға шақырамыз. Бүгінде автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру онлайн режимде қолжетімді, - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, ХҚКО мамыр айында жұмысын қайта бастаған болатын. Пандемия жағдайында Азаматтарға арналған үкімет жұмыстың жаңа форматына көшуге мәжбүр болды.
Атап айтқанда, қазір ХҚКО-лар электрондық порталда қолжетімсіз "қағаз" түріндегі қызметтерді ғана көрсетеді. Қызмет алушыларды ХҚКО-ға келуін алдын-ала egov.kz порталындағы арнайы сервис және и eGovKzBot2.0 телеграм-боты арқылы брондауы қажет.