Елге деген құрмет әр ісімізден көрініп тұруы керек – Холметов

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Бізді біріктіріп отырған елге деген құрмет әр ісімізден көрінуі керек», - дейді «Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Эргашвой Холметов.

Қостанайлық делегация құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII кезекті сессиясына қатысқан бірлестік төрағасы маңызды жиыннан алған әсерімен бөлісті.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзге елдердегі жағдайды мысалға келтіріп, бірлік турасында жақсы ойлар айтты. Сөйтіп, тұрақтылықтың қандай маңызды құндылық екенін түсіндіріп берді. Дамудың жаңа сатысына шыққан Қазақстанның саяси үлгісі көрші мемлекеттерге де үлгі болып отырғанына көз жеткіздік. Сессияда 13 адам сөйледі. Шынайы достықтың, бірліктің мықты күш екенін солардың сөзі дәлелдейді. Бізді біріктіріп отырған осынау елге деген құрметіміз әр ісімізден көрінуі керек», - дейді Эргашвой Холметов.

Оның пікірінше, бауырластық, мейірімділік қасиеттері қызметте де, көшедегі әр адамның әрекетінен де аңғарылып тұруы тиіс.

«Сессияда сөйлеген спикерлер талай жүректерге жалын берді деп ойлаймын. Тарихи Отанына оралған Гаукс Вальтердің сөзі қандай әсерлі! Германияда тұратын немістердің өздері туған жерге келген сайын жусан алып кететіні Қазақстанға деген құрметтің жарқын үлгісі емес пе?!» – дейді «Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Ол Қостанайда мыңнан астам өзбек пен тәжік тұратынын, олар да татулықтың сақталуына үлес қосып жатқанын тілге тиек етті.

«Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігі 2003 жылы құрылған. Ұйым белсенділері жыл сайын «Ұлы Жібек жолы» фестиваліне белсене қатысады. Қайырымдылық шараларынан да шет қалған емес. Отбасылық типтегі «Жанұя» мекемесіне 15 жылдан бері көмектесіп келеді», – деді Холметов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы