ХХІ ғасырда негізінен рухани, идеологиялық күрес жүріп жатыр - тарихшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Тарихшы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Алтын Орда тарихында дүрбелеңге толы қиын кезең болған. 

Ол 1359-1379 жылдарын қамтиды. Осы 20 жылда 25 хан ауысыпты. Бұл Шыңғыстық идеологияның құлдыраған кезі, хандар бірін-бірі өлтіре бастаған. Есесіне жергілікті этникалық күштер олардың орнына келе бастаған. Мамай, Қият Исатай және басқалар көтеріліп, билікке араласып, кімнің хан болатынын енді солар шешкен.

Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Осы бағытта түрлі іс-шаралар, конференциялар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Сондай жиынның бірі Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында "Алтын Орда мемлекеті – Ұлы дала өркениеті" тақырыбымен өтті. Оған еліміздің танымал тарихшылары қатысып, Алтын Орда төңірегінде өз ойларымен бөлісті. 1822 жылдары Ресей Алтын Орданың тарихын зерттеуге қатты қызыққан Тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев жиын барысында Алтын Орда тақырыбында көлемді баяндама жасады. Оның айтуынша, Қазақстан 2000 жылдан бастап ел тарихына және оны зерттеуге бет бұра бастаған. Әрі бүкіл дүниежүзінде қазір рухани, идеология мәселесіне көп мән берілуде.

Қазіргі ХХІ ғасырда негізінен рухани, идеологиялық күрес жүріп жатыр. Тәуелсіздігін бертінде алған еліміз жас қазақ азаматтарын мықты, тамыры берік болу үшін әрине идеологияның негізін тарихтан көріп отырмыз. Жусан тамырын неғұрлым тереңге жайған сайын оны жұлу қиын. Сол сияқты тарихын бойына терең сіңірген халықты құрту оңай емес. Міне, біз соңғы 30 жылда осыны байқап отырмыз. Әр жыл сайын бір ерекше мереке, тарихи датаны атап өтеміз. Бұл тарихымыздың бай екенін көрсетеді, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол Алтын Орда бұрыннан тарихшылардың назарында болғанын, жекелеген тарихшылар ғұмырын осы тақырыпқа арнағанын, тіптен Ресей империясының өзі бір кездері оны зерттемек болғанын айтып өтті.

Осы тақырыпта ең көп қалам тербеген әрі "Алтын Орданың күйреуі" атты классикалық монографиялық еңбек жазған Сапарғалиев деген тарихшы. Қазір одан асқан еңбекті көріп отырғаным жоқ. Ол кісі тек Алтын Орданың күйреуін жазған. Ресейде 1822 жылдары Алтын Орданың тарихына қызыққан екен. Ол кезде Ресей императорлық қоғамы байқау жариялаған. Яғни Алтын Орданың орыс мемлекетіне ықпалын зерттеген адамға грант бермек болған. Өкінішке қарай, Ресейде бірде бір тарихшы оны жаза алмаған. Неміс тарихшылары жазды, бірақ олардың еңбектерін қабылдамаған. Өйткені олар Еуропалық тұрғыдан жазған. Кеңестік кезеңде де Алтын Орда тарихына қатысты көлемді еңбектер жазылмады, жеке монографиялар бар, ал жүйелі түрде еңбек жазылған жоқ, - дейді тарихшы.

Оның пікірінше, Алтын Орда тарихы бір монография шеңберінде жазылатын дүние емес, ол үш ғасырға жуық өмір сүрген. Еуразия аумағында Қытайдан бастап Еуропаға дейінгі жерді қамтып жатты. Сондықтан оның тарихын жазуға осы елдердің барлығы атсалысуы керек.

Оның құрамында көптеген халық болды. Олардың қаншама проблемасы бар. Дамыған, құлдыраған және ыдыраған кезі болды. Және оның шекпенінен Қырым, Қазан, Сібір, Астрахань, біздің Ақорда, одан кейін Қазақ хандығы құрылды. Осының бәрін жүйелеп жазу бір адамның қолынан келмейді. Алтын Орда тарихында әлі ашылмаған, зерттелмеген мәселелер өте көп. Қоғамдық қатынастары, саяси тарихы, құрылуы, ыдырауы және сол кездегі жағдайларға қатысты жекелеген еңбектер ғана бар. Татарстанда 1990 жылдардан бастап "Алтын Орданың мұрасын зерттейтін ғылыми орталық" деген мекеме құрылған. Олар осы 30 жылдың ішінде көптеген іс атқарды және осы тақырыпты зерттейтін бірден-бір орталыққа айналып отыр. Осы аралықта мықты кадрлар дайындады. Ал біз мерейтой екен деп биыл ғана кірісіп жатырмыз. Бір жыл ішінде соншама дүниені қопарып тастау мүмкін емес, дегенмен Қазақ хандығы Алтын Орда тарихымен тікелей байланысты, - дейді ол.
Берекет Кәрібаев Алтын Орданың жеке мемлекет ретінде пайда болуы, яғни Моңғолия империясынан бөлініп шығуы 1269 жыл дегенді айтады. Алтын Орда дәуірінде Жошының ұлдары билік құрды және қазірге дейін қазақ арасында төрелер деп аталатын топ бар. ХІХ ғасырдың басынан бастап хандық билік жойылған соң олар сұлтандар, төрелер болып қалған.

Алтын Орда ыдыраған кезде мемлекеттіліктің үш түрі пайда болды. Біріншісі, Темір мемлекеті, оны Мауренахрлық немесе Темір мемлекеті дейді. Әмір Темір қанша мықты болғанымен де ол Самарқандтағы Көксарайда отырған ханға бағынды. Бірақ ханды өзі сайлап қойды. Яғни қазіргі Жапония, Ұлыбританиядағы мемлекекттік құрылым сияқты. Шартты түрде хан бар, бірақ бүкіл билік Әмір Темірде. Бір қызығы оның алтыншы ұрпағы Әбілтай осы дәстүрден бастартып, 1460 жылдары өзіне Падишах деген атақ алады. Бұл ешқандай киелі билікпен байланыстырылмаған. Ол өлген соң мемлекет ыдырап кетті. Екінші, Ноғайлық немесе Едігелік. Оларда би басқарды. Егер көрші отырған хандар оны мойындап, батасын берсе олардікі заңды деп саналды. Көп ұзамай олар да ыдырап кетті. Ал Шыңғыстық идеологияны сақтап қалған Қазақ хандығы Кенесары ханға дейін өмір сүрді, - дейді ол.
Сөз арасында ол Алтын Ордадағы дін, тіл және этникалық мәселелерге де тоқталды.
Кезінде Гумилевтың "Моңғол жаулаушылығы бағындырылған халықтарға қалай әсер етті" деп айтқан сөзі бар еді. Оның әсерін теңізге құйған тамшы сумен байланыстырады. Яғни этникалық тұрғыдан келгенде қатты ықпалы болмаған. Араб тарихшылары 1340 жылдары былай жазыпты: "Бұрын Дешті-Қыпшақта қыпшақтар өмір сүретін, оларды моңғолдар жаулап алды. Арада бірталай жыл өткен соң Қыпшақ топырағының қасиеті жоғары көтеріліп, жаулап алушылардың бәрі қыпшақша сөйлеп кетті", дейді. Сол кездегі ассимиляцияны осылай беріп отыр, - дейді ол.

Сондай-ақ ол, Алтын Орда тарихында дүрбелең кезеңдердің де болғанын айтып өтті.

Ол 1359-1379 жылдарын қамтиды, яғни 20 жылда 25 хан билікке келген. Бұл Шыңғыстық идеологияның құлдыраған кезі. Хандар бірін-бірі өлтіре бастады. Есесіне жергілікті этникалық күштер оның орынына келе бастады. Мамай, Қият Исатай және басқалар көтеріліп билікке араласты. Кімнің хан болатынын енді солар шешті. Алтын Орда 1269 жылға дейін ресми түрде Жошы ұлысы деп аталды. Кейін Алтын Орда ыдырағанда оң қанат, сол қанат болып екіге бөлінді. Еділден шығысқа қарай бөлігі сол қанат, яғни қазіргі Қазақстан аумағында Ақ Орда мемлекеті құрылды. Біздің Қазақ хандығын Орыс ханның шөберелері биледі. Ақ Орда Шыңғыс әулетінің билігін қалпына келтірді, бірақ жаңа этникалық сапада қазақ деген атаумен, - дейді тарихшы.

Алтын Орда - рулық кезеңнің өзін-өзі тауысқан дәуірі 

Ал, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қойгелді Мәмбетов Алтын Орда дәуірі қазақ халқы үшін ғажап кезең болды деген ойын айтты.

Бұл Еуразиялық кеңістікте пайда болған үлкен империялық құрылым. Мұнда түркілер шешуші рөл атқарғаны сөзсіз. Оның ішінде Наймандар, Жалайыр, Қоңырат басқаларының бәрі бар. Түркілердің мәдениеті, тарихи тәжірибесі басым болып тұрса Шыңғыс хан қайда барады? Сондықтан олар түркілердің күшін, тәжірибесін, білімін пайдаланды. Алтын Орда - рулық кезеңнің өзін-өзі тауысқан дәуірі. Одан әрі қарай ұлттық кезең басталады. Яғни ұлттық мәдениетке өту кезеңі болды. Алтын Ордадан біз ұлт ретінде бөлініп шықтық, сол үшін оны жақтаймыз. Татары бөлек, башқұрты, ноғайы, қазағы бөлек шықты. Алтын Ордадан кейін таза ұлттық құрылым кезеңі басталды, - дейді тарихшы.

Қойгелді Мәмбеттің сөзінше, Алтын Орда тұсында көптеген ұлт тәжірибе жинап, мемлекет құру мәдениетін үйренген.

Мұхтар Әуезовтың "Алтын Орда ыдырағанда Асан Қайғы енді не болады деген сұрақ қойды" дейді. Яғни алдымызда не тұр деген сауал қойған. Оған тарих "енді ұлт боламыз, ұлттық мемлекет құрамыз" деген тұрғыда жауап берді. Алтын Орда, Ақ Орда, одан әрі қазақтың мемлекетті ұлтқа айналу үрдісі басталды. Себебі Алтын Орда тұсында біз сондай тәжірибе жинадық, өсіп, кемелдене түстік. Орыс тарихшылары шындықты енді мойындай бастады. Алтын Орданың арқасында орыстар мемлекет құру мәдениетіне көшті. Оны орыстың алғашқы тарихшысы Карамзин айтады. Ол орыстардың Алтын Ордадан мемлекет құру мәдениетін үйренгенін мойындайды. Оған қоса экономиканы дамыту мәдениетін үйренді. Мәселен, "тауар" деген түріктің сөзі, денги –теңге. Оның бәрін экономикалық деңгейі жоғары ұлттан, мемлекеттен қабылдады, - дейді Қойгелді Мәмбет.
Сонымен қатар, ол қазір орыс тарихшылары Алтын Орда Еуразиялық құрылым, ол бәрімізге ортақ дегенді айта бастағанын жеткізді. Одан бөлек қазақтар шешуші рөл атқарғанын да айта бастаған.

Ол рас, тарихи факті. Біздің территориямыз, одан кейінгі күшіміз оны дәлелдей алады. Бірақ орыс тарихшыларының осы идеясының арғы жағында жымысқы астар бар. Біз оған берілмеуіміз керек. Теориялық деңгейі жоғары ұлт теориялы деңгейі төмен ұлтты алдауға, арбауға тырысады. Осыны түсініп алуымыз керек. Яғни, Еуразиялық кеңістікте орыстар, түркі халықтары бірге империя құрғанбыз, қазір сол империяны қайта құрайық дегенді айтады. Ал, ол империяда бірінші ұлт кім болады, тілі, мәдениеті қандай? Біз ондай Алтын Ордаға келісеміз бе? Меніңше келісудің қажеті жоқ. Орыс саясаттанушылары бұрынғы Алтын Орда империясын қайталайық деп айтып жүр. Біз орыстармен бірге екі империя құрамында болдық, алайда көсегеміз көгермеді. Ұлт ретінде жойылып кете жаздадық. Сондықтан үшінші рет ондай империяның құрамына кіру бізге қажеті жоқ, және қарсымыз. Алтын Орданы түсіндіргенде осы жағын ескеруіміз керек. Еуразиялық идея, концепция өте қауіпті, - деді тарихшы.

Бату хан Ислам дінін жасырын түрде қабылдаған 

Тарихшы Ернар Түшкенов Алтын Орда жайлы әңгіме қозғағанда ондағы халық немен қоректенді, қандай тағам түрлерін тұтынды, қай дінді ұстанды, жерлеу рәсімі қандай болды деген мәселеге де назар аудару қажеттігін айтады.

Мәселен, Сарайшық қаласы маңындағы тамақ қалдықтарын тастайтын орыннан ата-бабамыздың немен қоректенгенін білуге болады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі қала тұрғындарының тағамы 70 пайыз еттен тұрғанын көрсетеді. 20 пайызы астық өнімдері, 10 пайызы – балық болған. Алайда жұт кезінде балықты пайдалану 55 пайызға дейін жеткен. Атыраудағы балықтан бешбармақ дайындау содан қалған болу керек, - дейді Ернар Түшкенов.

Алтын Ордаға Ислам дінінің келуі, оның саяси жүйеге әсері жайлы баяндаған тарих ғылымдарының докторы, Асылбек Избаиров Бату ханнан бері қарай Алтын Орда таза түркі мәдениетіне өткенін жеткізді.

Тіптен парсы тарихшысы әл-Джузджанидің Табакат кітабында Бату ханның Ислам дінін жасырын түрде қабылдағаны туралы айтылады. Сонымен қатар, көптеген сопыға қамқоршылық жасағаны да көрсетілген. Кейін Берке ханның тұсында Алтын Орда Ислам дінін қабылдап, оны баршаға жариялады. Тіптен Бағдад халифатына мойынсұнуы Алтын Орданың қай мәдениетке өткенін көрсетіп отыр. Меніңше, Ноғай, Қалмақ атаулары діни аспектіні білдіреді. Яғни Ноғайда болғандар көбіне Ислам дініне өткендерді айтады, ал Қалмақ деп өз дінінде қалғандарды айтқан, - дейді ол.

Оның айтуынша, Өзбек, Жәнібек хандардың тұсында Ислам діні кең етек алып, маңызды рөл атқарды және Алтын Ордада болған Ислам дінінің моделі ең толерантты модель болды.

Шыңғыс хан қазақ па?

Жиын барысында тарихшылар Шыңғыс ханнан қазақ жасау төңірегінде алыпқашпа әңгіме көбейгенін және бұл тұрғыда бір тоқтамға келу қажеттігін сөз етті. Тарихшы, профессор Дәулетхан Әлімғазы Алтын Орда кезеңіне қатысты бір сыңарлы, өз айтқанынан басқаға тоқтамайтын топ пайда болғанын айтты.

Тарихи деректерден мүлде хабары жоқ адамдар дастархан басындағы әңгімелерді әкеліп, тарихқа үкімін жүргізгісі келеді. Әсіресе Шыңғыс ханның кім екен дегенінен шығады. Ақын, жазушы, журналистер, одан қалса ауылдағы мектеп директорлары, имамдарға дейін түгел тарихшы болып алды. Бұл өтпелі кезеңнің бір ауруы, - дейді ол.

Сөз арасында ол, кәсіби тарихшылардың жазған еңбектеріне назар аударатын кез келгенін, 30 жылда ел есейетін уақытқа жеткенін айтты.

Бұған дейін Шыңғыс ханды жалайыр етіп алып еді, одан кейін жазушы Бексұлтан Нұржекеев оны Алтын-Емелде туғызып, албан-суан етейін деп шапқылап жүр. Бір сөзбен айтқанда Шыңғыс ханды қазақ етіп иеленіп алдық. Адай қылдық, жалайыр еттік, қазір әркімнің өз Шыңғыс ханы бар. Халықты бұлай шатастырмау керек. Осындай адамдардың арқасында біздің тарихымыз рушылдық, жүзшілдік тарихқа айналып барады. Тарихшы Зардыхан Қиянат өз еңбектерінде әлемдегі ешбір зерттеушінің Шыңғыс ханның қазақ па, қазақ емес пе деген мәселе төңірегінде дауласпағанын және ол моңғол болып туып, моңғолға қызмет еткен адам екенін жазды. 800 жылдан бері бүкіл әлем Шыңғыс хан моңғол дегенді айтып келе жатыр. Біз Шыңғыс ханды қазақ дегеннен не табамыз? Мақтанудың да шегі болу керек қой, - дейді тарихшы.

Өз кезегінде тарихшы Қойгелді Мәмбет Шыңғыс ханды қазақ дейтін Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев сынды жазушыларды түсінетінін жеткізді.

Олар бұл тақырыпқа неліктен барады? Оның арғы жағында белгілі дәрежеде өзін-өзі ақтайтын нәрсе бар. Біздің ұлттық рухымыз, санамыз біршама шегерілген, тоқырауға ұшыраған халықпыз. Ол бұрынғы патшалық, советтік империяның түсіндіруіне байланысты. Бұған дейін моңғол-татар шапқыншылығын теріс сипаттап, Шығыс хан жауыз дегендей айтып келді. Соның нәтижесінде біз қазір толық ақтау, дәріптеу, аспандату дәуіріне кетіп қалдық, - дейді Қойгелді Мәмбетов.

Сондай-ақ ол, Шыңғыс ханның Моңғол мемлекетін құрғаны, моңғол ұлтын қалыптастыруға негіз жасағаны тарихи шындық екенін айтты.

Бірақ Шыңғыс ханның халықаралық, әлемдік сахынаға шығуы тікелей түркілерге байланысты, яғни түркілердің шешуші рөл атқарғандығының көрінісі. Бұл факті. Шыңғыс хан әскерінің басым бөлігі түркілер болды. Сондықтан жазушылар тарихи фактіні игеруге келгенде сәл кемшін түсіп жатады. Шыңғыс хан моңғол екені де рас. Оған ешкім дауласпайды, бірақ Алтын Орда тұсындағы әрекеті тікелей түркі халықтарының күш-қуатына, жігеріне байланысты болды. Шыңғыс ханның трихи аренаға шығуы – ол белгілі дәрежеде көшпелілердің тарихи аренаға шығуы болды. Бұл тұрғыдан алғанда Шыңғыс хан кезіндегі Аттиланың жорығын қайталады. Шыңғыс ханның жорығын кейін Әмір Темір қайталауға тырысты, ол да әлемдік империя құрғысы келді. Осының бәрі Орта Азиялық дүмпүден шыққан нәрсе , - дейді тарихшы.

Жиынға қатысқан, тарихшы, PhD докторы Жігер Жәнәбілұлы Шыңғыс ханға таласудың қажеті жоқ екенін айтты.

Ол моңғол ма, түрік бола ма маңызды емес. Бастысы ол көшпелілердің алып империясын құра білді. Шетелге көп шығамын, сонда тарихшылар маған "Осы сендердің істейтін жұмыстарың қалмады ма? Шыңғыс ханды әр руларыңа тартып жатсыңдар, ұят емес пе? Сендер Марғұлан сияқты мықты тарихшыны шығарған елсіңдер, бұл ұят жайт" деген уәждерін айтып жатыр. Сондықтан Шыңғыс хан қазақ дегенді қою керек. Бұл ұят жағдай, - дейді Жігер Жәнәбілұлы.
 

Жиын соңында тарихшылар, Қазақ хандығы осы алып империяның тікелей мұрагері екенін және оған ешкімнің дауы жоқ деген ойларын нақты білдірді. Шығыстағы Жоңғария мемлекеті 1756 жылдары ыдырап кеткен. Ал, Қазақ хандығы 1834 жылы Ресейдің қолынан жойылғанға дейін бүкіл көшпелі қоғамдағы ең соңғы саяси құрылымы бар мемлекет болған. Сондықтан біз Алтын Орданың нақты мұрагеріміз және Алтын Орданың 750 жылдығында оны күллі әлемге паш ете біліуіміз керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы