Мен және басқа Мен: Нұр-Сұлтанда "Ханбок" корей дәстүрлі киімдер көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Корей дәстүрлі киімдер көрмесі 5 қарашаға дейін жалғасады. 


Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы кітапханасының музейінде "Hanbok and I: A healing journey to myself" атты корей  дәстүрлі киімдер көрмесі ашылды. Графикалық дизайнер Квак Гончжу мен модельер Ро Чжухен көрмесінде авторлар метафоралық сурет сызықтарын пайдаланып, түрлі медиялық формалар арқылы өзінің жан дүниесін тазарту жолындағы тәжірибесімен бөліседі. 


Музей директоры Әмірхан Рахымжанов мұндай шараның елді тануға зор үлес қосатынын атап өтті.


"Мұндай көрмелер заманауи және дәстүрлі кореялықтар туралы көбірек білуге септігін тигізеді. Бұл біздің ортақ атқарып жатқан үшінші шарамыз. Елбасы кітапханасының халықаралық жобасы бірнеше жылдан бері өзінің қажеттілігін дәлелдеп келеді. Осы жоба аясында ұйымдастырылатын көрмелер жұртшылық тарапынан қызығушылық туғызып келеді. Бұл көрме де біздің қонақтарымызға ұнайды. Әрбір ұлтта өзіндік дәстүрлі киімі бар. Ұлттық киім сол халықтың қоғамдағы дәрежесін, жас шамасын, тіпті шыққан тегін де білдіреді. Қанша жерден жаһандану заманы болғанымен, ұлттық киімді күнде киіп жүрмесек те, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып, жалғасып келеді және біздің тарихымызды еске салады. Қазақ халқы шапан сыйлайды. Бұл құрмет-қошеметті білдіреді. Енді бүгін біз корей халқының Ханбок киімін көріп, адамның жан дүниесіне үңілеміз. Ұлттық нақыштағы заманауи киімді көреміз", - деді Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов.


Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэсик Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета шақырған кешкі асқа қонақ болып барған сәтінен естелік айтып берді. 


"Қазір ұлттық киімді - Ханбокты киіп келдім. Мұны маған Корей мәдени орталығы берді. Мүмкіндігінше, әр шараға ұлттық киімді киюге тырысамын... Осы көрме үшін Кореядан арнайы келген дизайнерлер Квак Гончжу мен Ро Чжухен ханымдарға алғыс білдіремін. Соңғы кезде корей мәдениеті, сериалдары, музыкасына концерттеріне, киіміне, тағамына деген қызығушылықтың артқанына қуаныштымын. Осы уақытқа дейін түрлі қызметте, түрлі елде істедім. Ұлыбритания елшілігінде жұмыс істеп жүргенде ІІ Елизавета патшайым елшілерді шақырып, ас берді. Сол кезде дипломаттардың жұбайы міндетті түрде ұлттық киім киіп бару керек болатын. Кореялық дипломаттардың әйелдері киген ханбокқа келген қонақтар қызыға қарайтын. Оларға ұнайтын. Ал, шынымен солай екенін бүгін өздеріңіз көре аласыздар", - деді елші.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Өзгелердің жаңалығы