Атырауда хан сарайындай оқушылар орталығы бар

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда 4 қабатты жаңа оқушылар орталығы сақадай сай тұр. «Абай орталығы» деп аталған. Жастар мен оқушыларға арналған әсем ғимараттың құрылысы 2018 жылы басталып, биылғы наурыз айында аяқталған. 


Көлемі 20 мың шаршы метрді құрайды. Алайда, пандемияға байланысты әлі ашылмады. Бірақ кешен жұмыс жасауға толық дайын екен. Орталықта 4 спортзал, бассейн, 500 орындық конференция залы, планетарий, 50 орындық асхана бар. Сондай-ақ, 6 бағытта 50 түрлі үйірме ашылады екен.


Біздің мақсатымыз - балалардың уақытын тиімді өткізу. Сондықтан бұл орталық 6 күн бойы үздіксіз жұмыс жасайтын болады. Мұнда 50 түрлі үйірме болады. Олар көркем-эстетикалық, музыкалық, медиа, спорт, пәндік және шығармашылық бағыттарда. Бұл бағыттардың барлығын жіктей берсек өте көп. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекіткен қаулысы бойынша балалар тренинг, ойын, әңгімелесу, пікірсайыс бойынша оқытылады. Ал спорттық үйірмеледен васкетбол, дзюдо,таэквандо, каратэ, жеңіл атлетика, хореография болады, - дейді оқушылар орталығы директоры Айзада Түсіпқалиева.

Бұл орталық ашылса, бір мезгілде мыңнан астам оқушы келіп тәлім ала алады екен. Орталық басшысының айтуынша, мыңдаған баланы оқытатын мұғалімдер, жаттықтырушылар мен тәлімгерлер дайын.


Орталыққа оқушылар ақылы және тегін түрде қабылданады. Жетім және жартылай жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы ана, жалғызбасты аналардың балаларына тегін. Ақылы топтардың өзі оқушылар үшін қолжетімді болады. Осыған дейін де Атырау қаласында оқушылар орталығының 29 филиалы бар. Олар мектептердің базасында орналасқан. Балаларды 80 педагог оқытады. Қазір барлық сабақ онлайн жүріп жатыр, - дейді оқушылар орталығы директоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы