Атамқұлов: Халықаралық рейстерді кезең-кезеңмен жандандыру жоспарланып отыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін өткен Үкімет отырысы барысында машина жасау саласы, автомобиль жолдарындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары және көліктің барлық түрімен жолаушыларды тасымалдау бағытына да тоқталды.
Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 18,5 пайызға өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 47,1%-ға, машиналар мен жабдықтар 6,7%-ға, өзге көлік құралдарын жасау 125,2%-ға, компьютерлер жасау 3,8%-ға өсті. Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 21,2%-ға артты. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 10,8%-ға өсті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 10,7%-ға, былғары өнімдерінің 9,9%-ға, киім өндірісінің 6,6%-ға ұлғаюына байланысты болды. Көлік саласында нақты көлем индексі биылғы қаңтар-мамыр айларында 85,9%-ды құрады. Контейнерлік тасымалдар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,1%-ға артты және 312,4 мың жиырма фунттық баламаны құрады, - деді ол.
Министрдің айтуынша, республика аумағында көліктің барлық түрімен жолаушыларды тасымалдау тоқтатылды. Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан еліміздің 20 қаласына ішкі әуе рейстері кезең-кезеңмен жандандырылды. Қазіргі таңда 44 ішкі бағыт бойынша аптасына 349 рейс орындалуда. 188 мың әуе билеті сатылды.
Сонымен қатар, халықаралық рейстерді кезең-кезеңмен жандандыру жоспарланып отыр. Осы маусым айының соңында Қазақстан және Түркия арасында халықаралық рейсті қайта ашу көзделген. Эпидемиологиялық жағдай әрі қарай жақсарып жатса, басқа елдермен әуе қатынасын жандандыру жоспарда бар. Биылғы 1 маусымнан елімізде 54 жолаушылар пойызы қайта жүре бастады. Осыған орай 15 мамырдан билеттер сатуға шығарылды. 8 маусымға дейін пойыздарға 645 мың билет сатылған, - деді ол.
Бейбіт Атамқұлов республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының барлық учаскелерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында 105,9%-ды құрады. Өсім еліміз бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта жаңғыртуға байланысты құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі. 15 өңірде оң динамика байқалады. Тұрғын үй құрылысында 2020 жылдың 5 айының қорытындысында 4 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Республика бойынша барлығы 33 479 баспана пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы республиканың 9 өңірінде байқалады, - деді ол.