Халық қалаулылары Бәйдібек ауданының жастарымен кездесті

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Байділдә Жылқышиев, Мұхтар Ерман және Шавхат Өтемісов іссапармен Түркістан облысының Бәйдібек ауданына барды. 

Халық қалаулылары сапар барысында ауданның шаруа қожалықтарын аралап, жеке кәсіпкерлермен және жастармен кездесті.

Түркістан облысына келген Мәжіліс депутаттары бұған дейін Түлкібас, Сайрам, Қазығұрт аудандарын аралаған болатын. Бүгін Бәйдібек ауданында іссапарларының соңғы күнін қорытындылады. Кездесу Шаян ауылындағы техникалық колледждің мәжіліс залында болып өтті. Жиынға келген халық мәжілісмендерге көбіне атаулы әлеуметтік көмектің төңірегіндегі сұрақтарды қойды.   

Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, елімізде көпбалалы отбасыларды қамтамасыз ету ерекше қолға алынды. Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісовтің айтуынша, депутаттардың бастамасымен дайындалған заң жобасы Мәжілістің, Сенаттың талқысын өтіп, қазіргі таңда Президенттің қарауында жатыр.

«Осы заңға қол қойылса күшіне енеді. Сол заң бойынша көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарға үй бірінші кезекте беріледі. Жалпы, халықтың әлеуметтік осал тобы 14 категорияға бөлініп отыр. «Нұр Отан» партиясының 17 съезінде қаражат жағынан қамтамасыз ету үшін жыл сайын осы мақсатта 2 млрд теңге жұмсалатыны айтылды. Яғни 7 жыл қатарынан 350 млрд теңге тек қана осы көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге арналатын болады. Елімізде 350 мың көпбалалы отбасы бар. Соның 31 785-і үйге кезекте тұр. Бес жылдың ішінде 40 мыңдай адам баспанамен қамтамасыз етіледі деген жоспар бар. Оған қоса жергілікті бюджеттен де осы мәселені шешуге қаржы қарастырылатын болады», - деді ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Ш.Өтемісов.

Биыл Елбасының Жарлығымен Жастар жылы деп аталды. Оның ресми ашылуы кезінде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жылында кем дегенде 1000 үй арнайы жастарға берілсін деді. Бұдан бөлек, кәсіп ашып, өз ісін бастаймен деген жастарға 505 мың теңгеге дейін гранттар мен Жастар практикасы бойынша 25 мың жасқа жұмыс орны беріледі. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 20 озық оқу орны, 180 заманауи колледж анықталып, осы оқу орындарында сұранысқа ие жүз мамандық таңдалады. Осыған орай, Мәжіліс депутаты колледж жастарына алған мамандықтарына сұраныс болу керектігін айтты.

«Қазір заман өзгеріп, техника жылдам дамып жатыр. Кейбір мамандықтар қажеттілігін жойды. Біздің елімізде жұмыссыздық емес, сұранысқа сәйкес келетін мамандар тапшылығы бірінші орынға шығып тұр. Заманға сай білім алсаңыздар, өздеріңізге де, ел экономикасына да жақсы болмақ», - деді Ш.Өтемісов.

Бәйдібек ауданының бюджетінен биыл 1200 алтын алқа мен 1100 күміс алқа иесіне 8 наурызда бір жолғы жәрдемақы берілген. Ал алда келе жатқан 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесіне орай аудандағы 300 соғыс ардагеріне 252 мың теңгеден, 342 тыл еңбеккеріне 12 мың теңгеден, ауған соғысы ардагерлеріне 25 500 теңгеден берілетіні мәлім болды.

Қазір халықтың арасында отбасында бірге тұратын зейнеткерлердің зейнетақысы да қоса есептелініп жатқаны түсінбеушілік туғызуда. Себебі, оны есептесе отбасының табысы артып кетеді.

«Ауданымызда көпбалалы аналарды базаға ендіріп, олардың қаржыларын төлеу барысында үлкен мақсатты шаралар өтті. Сол кезде байқағанымыз, көпбалалы аналар табысының мол болуына байланысты мемлекеттен қаржыны ала алмай қалып жатыр. Себебі, жас отбасылар ата-аналарымен, ағайындарымен бірге тұрғандықтан сол үйдегі азаматтардың барлығының табысы есепке алынады. Сондықтан, көпбалалы аналар өздерінің керекті қаржысынан қағылуда. Тіпті кейбір отбасыларда ата-анамыздан бөлінеміз, бөлек тұрсақ мемлекеттен қаржы аламыз деген де әңгіме шығыпты. Меніңше, бес баласы барлардың жағдайы бар болса да, жоқ болса да төлеу керек сияқты. Кейбір отбасыларда 8-10 баладан бар. Осы мәселелерге көңіл аударсаңыздар», - деді аудан әкімі Бақытбек Танагөзов Мәжіліс депутаттарына өтінішін жеткізіп.

Депутаттар бұл мәселені тиісті орындарға жеткізетінін, оның заң арқылы емес, министрліктің ережелерімен реттелетінін ескертіп өтті және елордаға барған кезде осы мәселені қолға алатындарына уәде берді.

Кездесуде Парламент Мәжілісінің депутаттары әлеуметтік көмек алудың механизмі өзгергенін, бұрынғыдай 8 құжат емес бір ғана жеке төлқұжаттың жеткілікті екендігі, екіншіден отбасында мүгедек баланың, студенттің стипендиясы есепке алынбайтынын айта кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы