Халықтың тұрмысын көтеру бағытындағы шаралар қабылданды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында жұмыспен қамтуды және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданып, бекітілген. Соның аясында өңірдің экономикасын, шағын және орта бизнесін қолдау, қазіргі қалыптасқан жағдайда халықтың тұрмысын көтеру бағытында шаралар қабылданған.

Бұл жайында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтып берді. Оның сөзінше, алдымен жұмыссыздықты қысқарту үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" шеңберінде жергілікті өнім берушілерді барынша тарта отырып, 61,2 млрд теңгеге 831 жоба іске асырылады. Тарқатып айтқанда, 95 нысанның құрылысы басталып, 9 нысанға қайта жаңғырту, 72 нысанға күрделі жөндеу, 395 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ұзындығы 741 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

Бүгінде жеңімпаздар толық анықталып, жұмыстар басталды. Онда 19,6 мың уақытша, 1 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылады. 1,3 млрд теңге салықтық түсімдер күтілуде. Тағы да айта кетерлігі, Қордай ауданында орын алған төтенше жағдай салдарын жоюға республикалық резервтен қосымша 2 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл шараның аясында 500-ге тарта уақытша жұмыс орны ашылып, Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Аухатты, Бұлар Батыр ауылдарындағы 96 көшенің жолдары жөнделеді. Қарасай, Қарасу, Аухатты ауылдарындағы 3 денсаулық сақтау насаны күрделі жөндеуден өтуде, - деді Бекболат Серікбекұлы.

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары "Ауыл - ел бесігі" жобасына қаралған 7,4 млрд теңгеге 26 елді мекенде 109 жоба іске асырылатынын да мәлімдеді. Бұл 1 287 жұмыс орнының құрылуына себеп болады. Сондай-ақ 9 жаңа әлеуметтік нысан бой көтеріп, ауыл тұрғындарына қызмет етеді екен.

Барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша "Еңбек" бағдарламасына бөлінген 16,8 млрд теңгеге 33,2 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылады. Облыстағы 289 мыңнан астам адамға 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындалды. 9 433 отбасына 1,5 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 1-6 жастағы 12,2 мың балаға әлеуметтік топтамалар жеткізіліп, таратылды. 6-18 жастағы 19,1 мың балаға азық-түлік-тұрмыстық жиынтық үшін 5 647 теңгеден төленді. Төтенше жағдай жариялануына орай, 2 АЕК-тен төмен емес мөлшерде 77,1 мың адамға 429,3 млн теңге бөлінді, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

"Нұр Отан" партиясы филиалымен бірлесіп "Birgemiz" қорынан Тараз қаласындағы халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы 16,8 мың адамға 50 мың теңгеден, 838,4 млн теңге көлемінде көмек көрсетіліпті. Жеңіс күніне орай Екінші дүниежүзілік соғыстың 57 ардагері мен мүгедегіне 1 млн теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек ұсынылған. Жалпы 6 813 адамды біржолғы әлеуметтік көмекпен қамту үшін 500 млн теңге қаралған екен.

Бекболат Серікбекұлы мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өңірдегі басым емес бюджет шығыстары 2,5 млрд теңгеге оңтайландырылғанын әңгімеледі. Орын алған төтенше жағдайға байланысты жергілікті атқарушы органдардың резервiн 10 пайызға дейін ұлғайту үшін облыс резерві 2 млрд теңгеге дейін арттырылған. Экономиканы тұрақтандыру мақсатында салықтық ынталандыру топтамасы жүзеге асырылуда. Айталық, биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін 1 674 шағын және орта бизнес субъектілері салықтан және еңбекақы төлеу қорынан алынатын әлеуметтік төлемдерден босатылған. Бұл жергілікті бюджеттің кірісін кемітетіні анық, сондықтан да Жамбыл облысының қазынасын толықтыруға республикадан 5,6 млрд теңге қарастырылыпты. Оның үстіне, "2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң негізінде Жамбыл облысына республикалық бюджеттен қосымша 41 946,1 млн теңге трансферт бөлінген.

Бизнесті қолдау бағытындағы "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға – 2 млрд теңге, шағын және орта бизнестегі кредиттерді ішінара кепілдендіруге – 778,6 млн теңге, грантқа 171 млн теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін 5 жобаға 218 млн теңге тағы қаралды. Бұдан 16,4 мың жұмыс орны сақталады. "Қарапайым заттар экономикасын" іске асыру мақсатында 68,2 млрд теңге бөлінген 91 жоба мақұлданды. Демек, 5 234 жұмыс орны тағы құрылады, - деді Б.Орынбеков.

Аймақ басшысының бірінші орынбасарының сөзіне қарағанда, жалпы ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында 20 млрд теңгеден аса әртүрлі бағытта субсидиялар қаралған. Бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға жергілікті бюджеттен 220 млн теңге бөлініпті.

Ал көктемгі егіс жұмыстары өз қарқынымен жүріп жатыр. Халықтың табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба да экономиканың өсуіне оң әсерін тигізуде.

Бөлінген 7,2 млрд теңгеге 2 489 өтінім қаржыландырылып, толық игерілген. Оның 1 млрд теңгесіне 192 техника сатып алынды. 11 ауылдық округте кооперативтер құрылып, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануға 125,9 млн теңге және пай жерлерді пайдалануға 230,1 млн теңге берілген. Бұған тұқым, тыңайтқыштар, химиялық қорғау заттары алынды, 16 жылыжай салынды. 6,9 млрд теңгеге 44,9 мың мал басы және мал азығы сатып алынды. 64,7 млн теңгеге 12 жоба бойынша ауыл тұрғындары жеке шағын кәсіптерін ашыпты.

Нәтижесінде 8 мыңнан аса отбасының табысы қосымша 156 мың теңгеге артуы керек. Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 2 есеге өсіп, 2 459 өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жеке кәсәсіпкер ретінде тіркелетін болады. Мемлекеттік бағдарламалар шегінде бөлінген қаржы да экономиканың өсуіне әсерін тигізіп жатыр. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 8,9 млрд теңгеге 23 жоба іске асырыла бастады, 990 адам жұмыспен қамтылады. 34,9 млн теңге салық түсімі күтілуде, - деп атап өтті Бекболат Серікбекұлы.
"Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 26,4 млрд теңгеге 151 жоба іске асырылып, 3 326 адам жұмыспен қамтылып, 161,7 млн теңге салық түсетінін айтты.

Оның сөзінше, "Жамбыл облысын дамыту" бағдарламасы аясында 20,8 млрд теңгеге 84 жоба іске асырылып, 1 384 адам жұмыспен қамтылмақ. Аталған шараларды атқару нәтижесінде облыста 58,7 мың адам белсенді шаралармен қамтылып, оның 52,5 мыңы жұмыспен қамтылады. 22,7 мың адам тұрақты жұмысқа орналасатын болады. 85 пайыздан аса жергілікті 153 кәсіпорын өндіретін құрылыс материалдары пайдаланылатын болады. Жұмыстарға барынша жергілікті мердігерлерді тартылуда. Инвестиция, құрылыс жұмыстары, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі артады. Жалпы 4,4 млрд теңге көлемінде салықтық түсімдер түсу күтілуде, оның 1,7 млн теңгесі жергілікті бюджетке тиесілі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы