Халықты медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі әзірленді – Біртанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірінші деңгей еліміздің барлық азаматтарына оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен тегін медициналық көмек беруді қамтамасыз етеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Үкімет отырысында айтты.

Жиын барысында министр Елбасының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырма бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзірленгенін жеткізді.

Оның айтуынша, бұл медициналық көмек пакеттері  2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді әрі олар  БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сәйкес жүргізілген.
Сөз арасында ол тегін медициналық көмектің жаңа моделін және медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қажеттілігінің негізгі себептеріне тоқталып өтті. 

«Соңғы 10 жылда Республика халқының саны 15%, жасы үлкен халықтың саны 27%, балалардың саны 24% ұлғайды. Негізгі созылмалы аурулар саны 2,5 есеге өсті. Бұл біріншіден, диагностиканың жақсаруына, сондай-ақ өмір салтына қатысты арулардың кең тарауына байланысты. Сонымен қатар, стационарлық емдеу құны 1,5 есеге өсті. Бұған қоса тағы 450-ден асатам қымбат жаңа технологиялар енгізілді», - деді ол.

 Министрдің айтуынша, бюджеттік шығындардың жыл сайынғы ұлғайуына қарамастан тегін медициналық көмекті қаржыландыру деңгейі медициналық көмектің өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз ете алмайды.

«Министрліктің бағалауы бойынша тегін медициналық көмектің қаржылық тапшылығы 2017 жылы 363 млрд теңгені құрайды. Себептердің бірі қызметтердің өзіндік құны валютаға байланысты. Осыған орай 2017 жылы Денсаулық сақтау шығыстарының ішінде халықтың қалта шығыстарының үлесі 42% құрады. Бұл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы берген шектеу деңгейінен 2 есе жоғары»,-деді ол.
Біртанов  осындай шығындарды есекере отырып халықты медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесін әзірлегендерін жеткізді.
«Бірінші деңгей - еліміздің барлық азаматтарына оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджет есебінен тегін медициналық көмек беруді қамтамасыз етеді. Екінші деңгей - сақтандырылған халық үшін медициналық сақтандыру пакеті. Бұл пакет бірінші деңгейден тегін медициналық көмектен тыс қызметтерді қамтамасыз етеді. Аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Үшінші деңгей - медициналық көмек және медициналық сақтандыру жүйесі пакеттеріне кірмейтін медициналық көмектер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады», - деді министр. 

Оның айтуынша, медициналық көмек пакеттерін сарпшылар жете пысықтаған және Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесінде қаралып, мақұлданған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы