Халықтың 21 пайызы ғана митингке шығуға оң көзбен қарайды – Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жүргізілген сауалнама бойынша респонденттердің 21,4 пайызы ғана Қазақстандағы митингтерге оң көзқараспен қарайды. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

Президент өзінің жолдауында Үкіметтің алдына митингілер туралы заң жобасын жетілдіру міндетін қойды. Осыған байланысты ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "ҚР бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" заңы жобасын әзірледі.  Заң жобасын қоғамдық тыңдау барысында және оны "Ашық дерек" порта­лына орналастырылғалы бері осыған қатысты 261 пікір келіп түсті. Олардың басым бөлігі митингіні өткізуді хабарлама түрінде жүргізуге, арнайы орындарға, бейбіт шерулер кезінде журналистердің құқығына, бейбіт жиынға рұқсат етпеу тәсілдеріне бағытталған. Меніңше, бұған дейінгі заң жобаларында мұндай пікір жазылмаған еді. Қазақстанның 9 қаласында қоғамдық тыңдау өтті. Сондай-ақ Халықаралық ұйымдар мен Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері үшін заң жобаларының жеке тұсаукесері ұйымдастырылды.  Сонымен қатар, біз қоғамдық пікірді, оның ішінде әлеуметтік желілерді зерттедік, әлеуметтік зерттеулер жүргіздік, - деді Дәурен Абаев Мәжілістегі заң жобасының таныстырылымында.

Оның айтуынша, көптеген алуан пікірлер тыңдалған.  
Уәкілетті мемлекеттік орган ретінде барлық мүдделі тараптардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын тепе-теңдікті табу оңай болған жоқ.  Мысалы, DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жүргізу бюросы неміс Конрад Аденауэр қорының қолдауымен Қазақстан азаматтарының арасында  еліміздің барлық аймақтарында сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі респонденттердің 40 пайызы митингтер елдегі жағдайды тек тұрақсыздандырады деп санайтындығын көрсетті. Олардың 73 пайызы митинг өткізуді билікпен келісу қажет деп есептейді, - дейді министр.

Оның сөзінше, респонденттердің 21,4 пайызы ғана Қазақстандағы митингтерге оң көзқараспен қарайды екен.
Қазақстанның қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама барысында оған қатысқан қазақстандықтардың 87,7 пайызы шеруге шыққылары келмейтінін айтты.Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген әлеуметтік сауалнама бойынша қазақстандықтардың 53,7 пайызы жиналыс өткізуге рұқсат алу жиналысты өткізушілер үшін міндетті болуы тиіс деп санайтындығын көрсетті. Бұл ретте респонденттердің 21,4 пайызы ғана Қазақстанда митингтер өткізу керек деп санайды,-  дейді Дәурен Абаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы