Халықпен тең отырып тілдесетін жаңа штаб құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан республикалық үгіт-насихат штабы құрылды. Мақсат – әдемі жерге барып басшымен кездесу емес, шалғайдағы халықпен тілдесу. Бұл туралы бүгін ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде ақпараттық штабтың мүшелері мәлімдеді. 


Қоғам қайраткері, режиссер әрі жазушы – Ермек Тұрсынов, этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада, Парламент мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова, "Қазақстандағы парламентаризм қоры" басқармасының төрағасы Зәуреш Батталова және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арман Бердалин ақпараттық штабтың мүшелері болып тағайындалды.
Ақпараттық үгіт-насихаттық штабы құрылғаны туралы жақсы жаңалығымызды жеткізгіміз келеді. Оған ел алдында жүрген қоғам белсенділері өңірлерді аралап, қарпайым халықтың мұн-мұқтажын естіп, халық үніне құлақ асады. Шамамыз жеткенше аудандарды, аяғымыз жеткенше ауылдарды аралайтын боламыз. Мәселен, Батыс Қазақстанға барғанда тұрғындардың шағымын дереу қарастырып, сол мезетте мәселе шешіліп кетті. Халықтың сөзін басшылыққа жеткіземіз. Біздің мақсат –облыстардағы әдемі жерге барып, тек басшылармен кездесу емес. Шалғай ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымымен, жастармен кездесіп, халықтың үніне құлақ асу, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілі Арман Бердалин.


 Түсіндірме жиналыстары интерактивті түрде халықтың әртүрлі топтары үшін түрлі тәсілдерді қолдана отырып өткізіледі.
Бердалиннің сөзіне сүйенсек, бұл үгіт-насихат штабының басты мақсаты – тұрмыстық жемқорлықпен күресу. 
Бұл көзбояушылық емес. Өтірік он бес адамды жинап алып, суретке түсіріп, керемет жұмыс атқардық деген жалған есеп беру емес. Бізге жемқорлық мәселесіне немқұрайлы әрі бейжай қарамайтын, шын жан ашитын адамдар керек. Осы жерде отырған қоғам белсенділері ел алдында абыройға ие, сыйлы азаматтар. Тасадан отырып тас лақтыратын, тілімен қолдап, іске келгенде тұралап қалатын адамдар керек емес. Жалпы, халықты жұмыла жұмыс істеуге шақырамыз, - деп баса айтып өтті Арман Бердалин. 
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бастамасымен ашылған республикалық штабтың басшысы – қоғам белсендісі Ырза Тұрсынзада.
Жуырда Маңғыстау облысына, Жаңаөзенге барып арнайы халықпен кездестік. "ӨзенМұнайГаз" жұмыскерлерімен сөйлестік. Олардың мұн-мұқтаждарын тыңдадық. "Айта алмай жүрген ақпараттарыңыз бар ма" дегенімізде залда отырған бір ақсақал орнынан тұрып, "Сіздер осылай біздің алдымызға келіп мән-жайды түсіндіріп, біздерді толғандырған сауалдарға жауап беріп жатқандарыңызды көріп разы болып отырмын, ризамын" деді. Сол ақсақал алғысын айтып, разылығын білдірді. Мен өткенде әлеуметтік желіден оқып қалдым. Онда Қазақстанда "Агенттіктен ешкім қорықпайды" деп жазылған екен. Бұл дегеніміз, керісінше үлкен жетістік. Халықта үрей мен қорқыныш болмау керек. Ықылым заманнан бері талай нәубетті бастан өткердік. Кеңестік одақта да қорқып келдік. Енді қазақ қазақтан қорқу керек пе? Қазіргі қоғам сүрінгенге сүйеу болу керек, - дейді  Ырза Тұрсынзадақызы. 


Ол мұндай үгіт-насихаттық штаб әрбір министрліктің жанына құрылса да артық етпейтінін айтты. Халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетеді. 
Алдағы желтоқсан айында Алматы облысын аралап, әр ауыл-аймақтағы халықпен тілдесу жұмыстарын бастайтын болады. 

Баса назар аударған жөн, жүргізіліп жатқан жұмыс халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтық қоғамның күш-жігерін шоғарландыруға көмектеседі. Қоғам мен мемлекеттік аппарат арасында тығыз ынтымақтастық орнату – сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ деген мықты әрі заманауи мемлекет құрудың басты факторы болмақ.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы