"Халық қатысатын бюджет" жобасына облыстық маңызы бар қалаларды қосу көзделіп отыр – ҰЭМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Халық қатысатын бюджет" жобасына облыстық маңызы бар қалаларды қосу көзделіп отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов халық алдында берген есебінде хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын орындауда шешім қабылдау процесіне тұрғындарды тарту масқатында "Халық қатысатын бюджет" жобасын іске асыру көзделген. Бүгінде жоба қалалар мен облыстық маңызы бар қалалардағы 55 ауданда, оның ішінде Алматы және Нұр-Сұлтан қаласындағы барлық аудандарда енгізіліп жатыр, - деді министр.
Министр жоба қандай тәртіп бойынша жүзеге асырылатынын айтып берді.
"Халық қатысатын бюджет" жобасы келесі тәртіп бойынша жүзеге асырылады: веб-порталда идеялар конкурсы өткізіліп, нақты сол ауданның барлық тұрғыны аудандық әкімдікке өздері маңызды деп тапқан жобаны жүзеге асыруды ұсынады. Келіп түскен өтінімдер талданып, кейін ол бойынша "1 тұрғын-1 дауыс" тәртібімен ашық дауыс беріледі. Дауыс берудің нәтижесі бойынша сарапшылық қауымдастық жобаларды қаржыландыру кезегін белгілейді. Аудандық әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады. Жобалардың авторы, статусы, суреті жарияланады. Жоба авторы тұрғын үй ПИК-і немесе тұрғын бола алады, - деді министр.
Руслан Дәленов 2019 жылы жоба аясында азаматтар 1,5 млрд теңгеге ұсыныс беріп, аулаларды абаттандыру, аула және спорт алаңдарын салу жөнінде 69 жоба мақұлданғанын жеткізді.
Биыл "Халық қатысатын бюджет" жобасын облыстық маңызы бар басқа да қалаларға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. "Халық қатысатын бюджет" жобасы - "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясындағы азаматтардың бюджет процесіне қатысуын кеңейту құралының бірі. Үкімет "Халық қатысатын бюджет" жобасының аясын кеңейтіп, оған барлық облыстық маңызы бар қалаларды қосуды көздейді, - деді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы