«Хабар» арнасында президенттікке кандидаттар арасында теледебат басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына түсетін кандидаттар арасында тікелей эфирде теледебат басталды. Оны республикалық «Хабар» арнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. 

Теледебатқа Nur Otan партиясының үміткері Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан түсетін Дания Еспаева және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков қатыспайды. Олардың орнына аталған үміткерлердің сайлауалды штабының өкілдері келген. 

Нақтырақ айтсақ, Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев пен «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев және «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев бар. Ал өзге 5 кандидат жарыссөзге қатысады. Жүргіуші ретінде – Ерлан Игісінов пен Қымбат Досжан таңдалған.

Теледебат үш бөлімнен тұрады: 

Бірінші раунд – «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары» деп аталады. Оның өзі 2 турды қамтиды. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырса, екінші турда кандидаттар  «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайысқа түседі. Мұнда олар оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, өзі де екі сұраққа жауап беруі тиіс. 

Екінші раунд – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы» деп аталады. Раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлеп, екінші турда жүргізушілердің сұрағына жауап беруі тиіс. 

Үшінші раунд – «Сайлаушыларға арнау» деп аталады. Бұл қорытынды раундта қатысушылар экран арқылы сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.

Айта кетейік, президент сайлауына 7 кандидат түсіп жатыр. Олар: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, Nur Otan партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы