ҚХА Мақтааралға 180 тонна гуманитарлық көмек жіберді
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ассамблея Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп, Мақтааралға 8 жүк көлігіне тиелген 98 тонна азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттарды жіберді.
Жалпы Қазақстан халқы ассамблеясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға барлығы 16 жүк көлігімен 180 тонна гуманитарлық көмек жіберген.
ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев көмекті алып жолға шыққандарға ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірді.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға байланысты бүкіл халық ондағы тұрғындарға көмегін беруде. Оның ішінде Қазақстан халқы ассамблеясы да өз үлесін қосып отыр. Осы күнге дейін Ассамблея 23 млн 300 мың теңгенің көмегін жіберді. Бүкіл облыс пен республикалық, аймақтық этно-мәдени орталықтары, ассамблея бөлімшелерімен жалпы көлемі 180 тонналық гумантиралық көмекті жіберіп отырмыз. Бұл Ассамблеяның Мақтааралдағы бауырларымызға деген кішкене көмегі. Мұндай көмек жалғаса береді, - деді ол.
Ассамблея 4 мамырда Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын бастап, этно-мәдени бірлестіктерден түскен қаржы көлемі 23 млн 325 мың теңгені құрағанын жеткізді. Алматыда 98 тонна күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар мен химиялық заттар, азық түлік және басқа керек-жарақ жиналса, Жамбыл облысы Қордай ауданы 5 млн 500 мың теңгеге азық-түлік жөнелткен.
"Вынхуа" дүңген этно-мәдени бірлестігі жіберген 11 тонна ұн, 2,5 тонна қант, 2,5 тонна күріш, 1,5 тонна макарон және 1500 литр өсімдік майы, 5,3 тонна картоп, 500 келі пияз, 300 келі тұз, 1000 қорап шәй өнімдері мен 25 келі тұрмыстық-гигиеналық заттарды Мақтаарал ауданы қуана қабылдап алды.
Бұдан бөлек, бүгін түс ауа Нұр-Сұлтан қаласындағы "Достық үйінен" гуманитарлық көмек тиелген көліктер де жолға шыққалы отыр.