ҚХА Аналар кеңесі әлеуметтік мәселелерді шешуге ұйытқы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Пленарлық мәжілісте қолжетімді тұрғын үй мәселелері, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, педофилия сынды әлеуметтік мәселелер талқыға түсті.   

Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды дәріптеу, берік отбасылық қатынастарды қалыптастыру жөніндегі жұмысы бүгінгіден де жақсарып, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі тиіс. Әсіресе, біз халыққа тікелей қатысты әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы жұмыстарымызды жалғастыратын боламыз, - деді ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда өзекті болып отырған ажырасу, некесіз бала туу, баланы асырауға төленетін алимент, жас жеткіншіктер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, отбасындағы жәбір көрсету сынды проблемаларды шешуге бір кісідей жұмылу қажет. Сондай-ақ Аналар кеңесі өскелең ұрпаққа мемлекеттік тілді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негіз болуы тиіс. 

Кең әлеуметтік алаңға айналған Аналар кеңестерінің елдегі бірлік пен келісімді нығайтуға, азаматтық және отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді дамытуға, мемлекеттік тілді ілгерілетуге және этносаралық коммуникация құру жұмыстары талданды.   

Айта кететін жайт, республикада ҚХА-ның 1795 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Оның 11000-нан астам мүшесі бар, басым бөлігі этномәдени бірлестіктердің басшылары, мәдениет, білім беру, үкіметтік емес сектордың, психологиялық-медициналық мекемелердің өкілдері, әйелдер қоғамдық ұйымдарының белсенділері болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы