ХҚО қызметкерлері тұрғылықты мекенжай бойынша анықтама беретін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы, 32 мекенжайында орналасқан №4 ХҚО бөлімінде енді азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркеуін миграция қызметкерлерімен қатар халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері де жүргізе алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Пилоттық жоба шеңберінде 17 маусымнан бастап елорданың Байқоңыр ауданында орналасқан ең ірі халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қызмет алушыларға мекенжай бойынша тіркеуге тұру және тіркеуден шығу мемлекеттік қызметтерін көрсете бастады. Бұл қызметтің жүргізілуіне тікелей жауап беретін ҚР ІІМ миграциялық қызметі ХҚО мамандарына «Құжаттау және халықты тіркеу» ақпараттық жүйесін қолдануға рұқсат беріп, арнайы оқыту шараларын өткізді»,-делінген хабарламада.

Пилоттық жоба іске қосылған он күн ішінде аталған ХҚО-да тұрғылықты жер бойынша тіркеуге тұру қызметін алушылардың кезегі 100-150-ден 2-7 адамға дейін қысқарған.

Айта кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтарында «құжаттау» (жеке басты куәландыратын құжаттарды рәсімдеу, тұрғылықты жер бойынша тіркеуге қою/алу) қызметтерін миграциялық полицияның 1-3 маманы көрсетеді. Елордадағы №4 ХҚО бөлімінде орналастырылған миграциялық қызметтің 3 маманына ХҚО-ның тағы 3 операторы жүктемені азайтуға көмектеседі, сондай-ақ қызмет алушылар саны тым көбейген кезде тағы 2 ХҚО қызметкері жұмылдырылады.

Болашақта бұл пилоттық жоба Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының барлық халыққа қызмет көрсету орталығын қамтиды деп жоспарлануда.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы