ХҚКО-ларда мүгедектігі бар жандар үшін бар жағдай жасалған

Алматы, BAQ.KZ. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы мүмкіндігі шектеулі жандардың да қызмет түрлерін алу қолжетімділігін көтеруге ерекше мән беріп отыр.  

Қазақстан Конституциясында өзін әлеуметтік мемлекет деп атап көрсетті. Оның мәні – қоғамның әлеуметтік өмірінің барлық салаларында азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделерінің кешенді түрде қамтамасыз етілуі мен қорғалуында. Бұл шарт ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген мемлекет қамқорлығынан да көрініс табуы тиіс.

 ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында "мемлекеттің ерекше қажеттілігі бар адамдарға көпшілікпен бірдей жағдай жасауға міндетті" екенін бөле-жара атап көрсетті. 

 Яғни, қоғамдық өмірде де, кәсіби қызметте де, мемлекеттік қызметтер алуда да мүгедек жандар жайсыздық сезінбеуі, кедергілерге тап болмауы тиіс.
 Барлық фронт-офистерге келетін мүгедектігі бар жандар көліктерін қоятын автотұрақ, арбадағы мүгедектер үшін пандустар, шақыру нүктелері, көтеру лифті, көзі нашар көретіндерге арналған тактильді жолдар, Брайль мәтініндегі ақпараттық тақташалар орнатылған. Әрбір фронт-офисте мүгедектерге қызмет көрсететін арнайы терезелер жұмыс істейді. Құлағы нашар еститін немесе саңырау жандарға арнайы курстардан өткен сурдоаудармашы маман ымдау-ишара тілімен қызмет көрсетеді, - дейді Алматы филиал директоры Данияр Қырықбаев. 
Арбаға таңылған мүгедек Алқанов Дәурен Асылбекұлы Алатау аудандық фронт-офистің тұрақты қызмет алушысы. Ол мұнда келген сайын көпшілікпен бірдей, еш кедергісіз қызмет алатынын айтады. 



Мүгедектер үшін көптеген қызметті он-лайн режимде алу қарастырылған. Мәселен, азамат мүгедектік тобын анықтау үшін комиссиядан өткенде, басқа еш жерге жүгінудің қажеті жоқ. Оның құжаттары он-лайн режимде мемлекеттік корпорацияға беріліп, осында барлық жәрдемақылар мен төлемдер түрі белгіленіп, оның төленуі ұйымдастырылады.


Сондай-ақ, "Азаматтарға арналған үкіметтің" мамандары 1 және 2 топтағы мүгедектерге, 70 жастан асқан қарт адамдарға, ҰОС қатысушыларына және мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып қызмет көрсетеді.
 Жыл басынан бері біздің мамандар /1737 үй/  үйлерге барып 2 мыңға жуық қызмет көрсетті. Ең көп талап етілетін қызметтер - паспорттар мен жеке куәліктер беру. Мүгедектерді сурдо-тифлотехникалық және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, протездік-ортопедиялық көмек ұсыну үшін оларға құжаттарды ресімдеу және т. б. қызметтер де сұранысқа ие, - дейді директор.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында әр түрлі қызметтерде 807, Алматы филиалында  67 мүмкіндігі шектеулі жан жұмыс істейтінін айта кеткеніміз жөн.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы