Кезектен тыс Президент сайлауы елдің тұрақтылығы үшін қажет

Ел Президентінің Жолдауы мазмұнды әрі тың жаңалықтарға толы болды, маңызды құжатта елдің әл-ауқатын көтеруді мақсат еткен бірқатар игі бастамалар көтерілді деп санайды Шығыс Қазақстан тұрғындары, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Олардың пікірінше, қоғамда қордаланған түйткілді мәселелер ашық айтылып, оларды шешудің нақты жолдары ұсынылды.

Жолдауда жазда өткен республикалық референдумнан кейін жаңарған Ата заңға сәйкес бірқатар жаңа заңдар, мәселен бюджет, салық кодекстері қайтадан қабылданатыны, елде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдаудың күшейетіні, яғни өз ісін ашамын деушілерге жеңілдетілген несиелердің берілетіні айтылды. Ең төменгі жалақы 60 мың теңгеден 70 мыңға артатын болды. Әйелдердің зейнет жасы 61 болып бекіді. Қаңтар оқиғасына қатысушылардың бір бөлігіне рақымшылық жарияланды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы қолға алынды. Яғни, елді елең еткізген мәлімдемелер көп-ақ.

Жолдауда білім саласына жіті көңіл бөлінді. Енді әр оқушының сапалы білім алуы, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынбақ. Біз осыны көп күткен едік. Президент мектептерді көптеп салуды міндеттеді. Ұнағаны, қолға түскен жемқорлардың ұрлаған ақшасы тәркіленіп, мектеп құрылысына жұмсалатын болды. Рас, соңғы жылдары ұстаз мамандығының беделі арттырылды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де өзгерістер жасалатын болды. Бұл бәрімізді қуантып, үміттендіріп отыр. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін, ағылшын тілін оқытуды күшейту де – келешекті ойлағаннан жасалып отырған дұрыс қадам, – дейді қоғам қайраткері, Өскемендегі №1 орта мектептің директоры Әділ Сайлаубек. 

Елімізде Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс болатын. Алайда, Мемлекет басшысы Президент сайлауын биылғы күзде кезектен тыс өткізуді ұсынды. «Әділетті Қазақстанды құру жолындағы реформаларды іске асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет» деп түсіндірді бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Расында да, бұл күллі жұрт үшін күтпеген мәлімдеме болды. Президент өзінің өкілеттік мерзімін қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайын екенін ашық айтты. Сондай-ақ, Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Өз басым аталған бастаманы толық қолдаймын. Дәл қазіргідей алмағайып кезеңде, елде ауқымды саяси-экономикалық өзгерістер енді қолға алынып жатқан шақта тұрақтылық ауадай қажет. Ал, Президенттің бір мерзімге ғана сайлануы, қайта сайлану құқығының болмауы елді демократияландырдың айқын көрінісі деп бағалаймын, – деді Әділ Сайлаубек. 

Сонымен қатар, Президент Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізу ұсынылды. Нағыз халықтық депутаттардың жаңа құрамын жасақтау міндеттелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы