Ертіс өңірінде кезектен тыс әскери шақыру басталды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде кезектен тыс әскери шақыру басталды. Қазіргі уақытта өз еркімен келген ер азаматтар әскери комиссариаттарда тиісті процедуралардан өтіп жатыр.

Павлодар қалалық әкімдігінің өкілдері хабарлағандай, әскери міндетті тұрғындар төтенше жағдай режимі кезінде алдын алу жұмыстарына жұмылдырылады. Арнайы жиындарға әскери есепте тұрған 50 жасқа дейінгі ер адамдар тартылады.

Павлодар қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы арнайы әскери жиындарға ер азаматтарды іріктеуді бастады. Шамамен 100 азамат жиналады деп ойлаймыз. Олардың қатарында қоғамға қажетті түрлі мамандық иелері бар. Мәселен, медицина мамандары, жүргізуші операторлар, химиктер бар. Ер азаматтар облыс орталығын дезинфекциялау, нысандарды қорғау жұмыстарымен айналысады. Төтенше жағдай кезінде жұмысқа тартылатындардың дені - әскери борышын өтегендер. Олар таңғы 8.00-ден қызмет атқарады деп жоспарлануда. Арнайы әскери жиындар үш айға созылады, - дейді Павлодар қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы Асхат Қнышбаев.

Мамандардың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін 33 азамат келіп, алдын алу шараларына қатысуға ниет білдірген.

Айта кетейік, бұл қызметті атқару барысында азаматтардың бұрынғы жұмыс орнындағы жалақысы сақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы