Кезексіз пәтер алған түркістандықтар баспаналарын босататын болды

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласы облыстың орталығына айналғалы қаланың сыртында жаңадан көптеген мөлтекаудан бой көтере бастады. Баспана әр азаматтың бас мәселесі, арманы екені рас. Алайда, жуырда осы жаңа мөлтекауданнан кезегін тез жылжытып баспаналы болған үш тұрғын үйлерін босататын болды. 

2017 жылдың желтоқсан айында Түркістан қаласы Отырар мөлтекауданындағы жаңа үйлерден пәтер алу тізімінде өз кезегін ілгерілету үшін үш тұрғын қалалық үй инспекциясы қызметкеріне пара бергені анықталған болатын. 

Қазіргі таңда пара алған қызметкердің іс-әрекеті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал мерзімінен бұрын баспанаға қол жеткізу үшін заңсыз іс-әрекетке барған тұрғындарға да шаралар көріліп жатыр.  

Заңсыз іс-әрекеттер арқылы жылжымайтын мүлікке қол жеткізген азаматтарға апта басында сот орындаушылары барып, пәтерлерді босату жөнінде міндеттеме алды. Өз кезегінде облыстың Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Әбутәліп Асанов азаматтарды баспананы адал жолмен алуға шақырды. Оның айтуынша, бұған дейін үй алу кезегі қағаз жүзінде жүргізіліп келген. 

Құрметті жерлестер! Қазіргі таңда, тұрғын үй алуды кезекке қою жүйесі мемлекет бойынша бірыңғай жүйеге өзгертілген. Бұл жүйе мемлекеттік деңгейде қадағаланып, қандай да күрт немесе себепсіз өзгеріс енгізу мүмкіндігін жоққа шығарып отыр. Сол себепті, кезекке өзгеріс енгізу мүмкіндігі жайлы ұсыныс айтылған жағдайда, ұсынысты алаяқтық ретінде қабылдауларыңызға және заңсыз іс-әрекеттерге жүгінбеулеріңізге кеңес береміз, - деді Әбутәліп Сейсенбекұлы. 

Айта кетейік, тұрғындар бекітілген 10 күн аралығында пәтерлерді босатпаған жағдайда қосымша шаралар қолданылады. Қазір олар жауапқа тартылатындығы жөнінде тілхатпен танысып, қол қойды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы