Кездейсоқ тарап кеткен хат үлкен шешімді ашты: Алпауыт компания 16 мың қызметкерін қысқартады

Америкалық технологиялық алпауыт Amazon жаһандық ауқымда 16 мың қызметкерін қысқартатынын ресми түрде растады. Бұл туралы компания қызметкерлерге арналған электронды хаттың кездейсоқ тарап кетуінен кейін белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

BBC мәліметінше, электронды хатта АҚШ, Канада және Коста-Рикадағы қызметкерлердің жұмыстан босатылатыны айтылған. Қысқарту компанияны «нығайту» және бюрократияны азайту аясында жүргізілмек. Алайда аталған хаттың қате жіберілгені болжанып, ол көп ұзамай өшірілген.

Amazon-ның персонал және технологиялар жөніндегі аға вице-президенті Бет Галетти компания әр бірнеше ай сайын жаппай қысқарту жүргізуді жоспарламайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір бөлімдердегі құрылымдық өзгерістер енді ғана аяқталған.

Фото: ЕРА

Жұмыстан босатулар Project Dawn («Таң» жобасы) кодтық атауымен жүзеге асырылуда. Бұған дейін компания 2023 жылдың қазан айында 14 мың қызметкерін қысқартқан. Ал бұрынғы қызметкерлердің айтуынша, Amazon жалпы алғанда шамамен 30 мың адамды қысқартуды жоспарлаған.

Жұмыстан босатылған қызметкерлерге Amazon ішіндегі бос орындарға қайта өтініш беру ұсынылған, алайда вакансия саны шектеулі. Басқа қызметке орналаса алмағандар еңбек өтіліне қарай өтемақы алған.

2022 жылдан бері Amazon, Meta, Google, Microsoft секілді ірі технологиялық компаниялар ондаған мың қызметкерін жұмыстан босатып келеді. Layoffs.fyi дерегіне сәйкес, соңғы төрт жылда IT саласында 700 мыңға жуық адам жұмысынан айырылған.

Amazon-ды соңғы жылдары басқарып отырған Энди Джасси компанияда қатаң жұмыс мәдениетін енгізіп, қызметкерлерді аптасына бес күн кеңседе жұмыс істеуге міндеттеген. Сондай-ақ компания шығындарды қысқарту аясында бірқатар дүкендерін жауып, бизнесін қайта құрылымдауда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы