Кездесуге шақырып, ұрлап әкеткен: Астанада жәбірленушілерді кредит алуға мәжбүрлегендер ұсталды
Астанада фейк аккаунт арқылы адам ұрлағандар 7-8 жылға сотталды.
Елордада үш ер адам адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін сотталды. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді.
Әлеуметтік желіде таныстық
Елордада тұратын үш ер адам Telegram мессенджерінде қыздардың жалған аккаунттарын пайдаланып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырып, одан кейін оларды қаладан тыс жерге күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан.
Қаскөйлер бопсалау арқылы үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 млн теңгені иемденген. Бірін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлеген, ал екіншісінің автокөлігін иемденіп алған. Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен үш сотталушы адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды, - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Прокуратура ескертеді
Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысу кезінде сақтық танытуға шақырады, сондай-ақ адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау қылмыстары үшін мүлікті тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді.