Мамин Катардың сауда және индустрия министрімен кездесу өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Катар мемлекетінің сауда және индустрия министрі Али бен Ахмед әл-Кауари бастаған делегацияны қабылдады. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Али бен Ахмед әл-Кауари Қазақстан Үкіметінің басшысын жоғары деңгейдегі V Қазақстан–Катар бірлескен комиссиясының сарапшылық тобы отырысының қорытындылары туралы хабардар етті.Үкімет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-банк, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.
Елдердің арасында визасыз режим орнатылған, жақында Нұр-Сұлтан мен Доха арасында тікелей рейстерді іске қосу жоспарланған. Одан кейін астаналар арасында ғана емес, сондай-ақ Алматы мен Доха арасында аптасына 7 рет жиі рейстер орындала бастайды.
Тараптар биыл наурыз айында Қазақстанға Катар шейхі әмір Тамим бен Хамад әл-Танидің келуін, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржы-банк салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.
Кездесуге ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Катар мемлекетіндегі ҚР төтенше және өкілетті елшісі А. Шоқыбаев қатысты.