Кез келген жастағы адамды не жасарта алады? - зерттеу
Кеш болса да, дене белсенділігін арттыру – ерте өлімнің алдын алады. Бұл туралы British Journal of Sports Medicine журналында жарияланған жаңа зерттеуде жазылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғалымдар 85 ірі зерттеуді талдап, 6,5 миллионнан астам адамның мәліметін қарастырған.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жастайынан спортпен айналысқан адамдардың кез келген себептен ерте өлім қаупі 30–40 пайызға төмен болған. Ал орта жастан бастап қана белсенді өмір салтына көшкендердің де өлім қаупі 20–25 пайызға азайған.
Ғалымдар әртүрлі физикалық белсенділік үлгілерін зерттеді:
– өмір бойы тұрақты қозғалыс,
– жас ұлғайған сайын артқан белсенділік,
– тек демалыс күндері қозғалыс,
– орташа қарқынды жүктемелер.
Нәтиже көрсеткендей, тіпті жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітімнің өзі 40 пайызға азаяды, егер адам орта жастан бастап спортпен айналысса.
Ал керісінше, бұрын белсенді болғанымен, кейін мүлдем қимылдамай қалған адамдардың денсаулығына ешқандай пайда болмаған.
Мамандардың айтуынша, ең көп пайда қалыпты немесе қарқынды жаттығулардан (жаяу жүру, жүгіру, жүзу) байқалған. Тіпті аптасына ұсынылатын 150 минутқа жетпеген күннің өзінде де оң әсер бар.
Бұл зерттеу – денсаулық сақтау саласы үшін маңызды. Себебі ол "спортпен айналысу үшін кеш емес" дегенді ғылыми негізде дәлелдеп отыр. Ең бастысы – бастау ғана емес, қозғалысты өмір бойы сақтау. Бұл ұзақ өмір сүрудің бір жолы.