Кейде көк туды аздап өзгертсе деген ой келеді – суретші

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің мемлекеттік рәміздері бір үйлесімділікте жасалған әрі композициялық құрылымы, мағынасы жағынан әлемдегі ең мықты рәміздер қатарында. Бұл туралы ҚР Көркем академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, суретші Тоққожа Қожағұлов айтты.

Суретші Тәуелсіз еліміздің елтаңба мен туы қабылдап жатқанда орда бұзар 30 жаста болғанын айтады.

Туды жасаған Шәкен Ниязбеков Суретшілер одағының төрағасы болды, ол кезде мен одақтың құрамында болғандықтан таныс болдық. Ал, елтаңбаны жасаған Жандарбек Нәлібековті сыртынан білдім, Шот-Аман Уәлиханов ағамызды жақсы білдім, араласып жүрдік,-дейді суретші.

Оның айтуынша, елтаңба, ту және әнұранымыздың арасында байланыс бар, олар бір-бірін толықтырып тұрады.

Туымызда күн, бүркіт және ою бар. Ал, елтаңба да дөңгелек күн бейнесі бар, оған қоса шаңырақ бейнеленген. Мүйізді ат бар, астында Қазақстан жазуы тұр. Мүйізді ат даламызда жылқының алғаш қолға үйретілгенін білдіреді. Ат үйретілгеннен кейін арба пайда болған, ол дөңгелек. Сол дөңгелек дүние жүзіне алғашқы өркениетті алып келді. Шаңырақ пен басқа бейнелер еліміздің тарихы тереңде жатқанын көрсетеді. Тудағы көк түстің алынуы – көк түсті аспан, яғни мәңгілік деген мағынаны білдіреді. Сол көк түске тарайтын күн шуағы бар. Бұл жерде елтаңба мен ту бір үндестікте жасалған. Сондай-ақ оны Әнұранымыз әдемі гармониямен толықтырып тұр. «Алтын күн аспаны» дейді, туда көк аспан бейнеленген, ортасында жарқырап күн тұр. Одан кейін «Алтын дән даласы» дейді, елтаңбада қазақтың үш жүзге бөлінетінін көрсететін дәндер бейнеленген. Яғни, біздің туымыз, әнұранымыз бен елтаңбамыз бір үйлесімділікте жасалған. Дүние жүзінің алдында еш ұялмай мақтанышпен қабылдайтын дүние. Рәміздеріміздің барлығы бағзы заманнан келе жатқан дүние мен бүгінгіні байланыстырып тұрған, терең философияға құрылған. Сондықтан оны мақтан тұтамын,-дейді Тоққожа Қожағұлов.

Суретші сондай-ақ әлемдегі қай елдің туы қатты ұнайтынын айта келе, көк туымызға аздап өзгеріс енгізсе деген ойын білдірді.

Әлем елдері ішінде маған Жапонияның туы ұнайды. Аппақ және қызыл күн шығып келеді. Ту осындай деңгейде болса керемет болар еді. Кейде маған біздің көк туды аздап өзгертсе деген ой келеді. Мәселен, көк аспан -  ұлы дала. Бүркіт пен оюды алып тастап, көк пен күнмен қараса да керемет болар ма еді деп ойлаймын. Неге десеңіз, туды көлденең қарасаңыз әдемі көрінеді, ал оны тігінен ілгенде бүркіт бір шетіне шығады да, анық көрінбей қалады. Ал, көк түс пен ортадағы күн бір үйлесімділікте, композициялық шешімі өте мықты деңгейде болар ма еді. Көк аспан -  мәңгіліктің белгісі. Күн ертең жұлдызға ауысады. Мәселен, Қытайды аспан елі дейміз, Жапонияны күн шығыс елі дейміз, Қазақстанды Ұлы дала елі дейміз. Сол сәйкестік туымызда да, елтаңба мен әнұранымыз да бір үйлесімділікте тұрар ма еді. Бұл менің жеке ойым. Дегенмен, қазіргі рәміздеріміз заман талабына сай,-деді ол. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы