Кейбір спорт түрі бойынша балалардың жас ерекшелігін ескеретін стандарт әзірленеді

Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек Қазақстандағы ДДСҰ елдік кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісовамен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту бағытындағы іс- шаралар сөз болды. Олардың арасында балалардың шектен тыс семіздігі және отырықшы өмір салты, дұрыс тамақтану, жарақат алу, физикалық белсенділікті бөлу және т. б. туралы айтылды.

Тараптар өскелең ұрпақ арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау басымдыққа ие болуға тиіс екенін, алайда осы екі ұғымды ажыратып, спорттық даярлықтың ұлттық стандартын енгізу қажет екенін атап өтті.

Балалар мектепке белгілі бір жастан бастап барады, сондықтан балалардың физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерін және олардың физикалық белсенділікке дайындығын ескеретін кейбір спорт түрлері бойынша бірыңғай стандартты белгілеуіміз керек. Егер бала кейбір спорт түрлерімен тым ерте айналыса бастаса, бұл оның физикалық немесе психикалық денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Әсіресе, жекпе-жек түрлері туралы айтатын болсақ. ДДСҰ сарапшыларымен бірге осындай стандартты әзірлегіміз келеді,-деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Өз кезегінде Лаура Өтемісова ДДСҰ-ны жарақаттану тәуекелі жоғары спорт түрлері бойынша жас шектеулері мәселесінде қазақстандық тарапқа кеңес беруге дайын екендігін мәлімдеді.

Бізде физикалық белсенділік мәселелерімен айналысатын бөлім бар. Атап айтқанда, осындай зерттеулер жүргізетін Португалиядан келген сарапшылар жұмыс істейді. Сонымен қатар,  бұл мәселеде Қазақстан үшін басқа елдердің озық тәжірибелерін зерделеуге және талдауға дайынбыз, – деді ДДСҰ-ның Қазақстандағы кеңсесінің ұлттық үйлестірушісі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы