Кейбір ресурстарды тәулік бойы қолжетімді ету механизмін жасадық - Мусин
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Контртеррорлық іс-шаралармен қатар интернет те шектелгені мәлім. Себебі террористік топтар іс-әрекеттерін жоспарлап, үйлестіру үшін байланыс құралдарын пайдалануда.
Негізгі салаларды цифрландыру салдарынан көптеген адам қолма-қол ақшасыз қалды. Сондықтан біз Ұлттық банкпен, сондай-ақ басқа да банк және ұйымдармен бірге интернеттің жоқтығына қарамастан, кейбір ресурстарды тәулік бойы қолжетімді ету механизмін жасадық.
Қазірге сәтте:
1. Халық Хоумбанк пен Каспидің төлем сервистерін қолдануға болады. Басқа да банктерді қосу жұмысы атқарылып жатыр. Яғни интернет болмаса да, бұл қосымшалар қолжетімді болады.
2. Бірқатар ақпараттық ресурстар жұмыс істеп тұр: tengrinews.kz, inform.kz, baq.kz, 24.kz, stopfake.kz, qazaqstan.kz және т.б.
3. akorda.kz сайты офлайн тәртіпте қолжетімді.
Бүгін басқа да аса қажетті сервистерді іске қосу мәселесі шешіледі. Жұмыстар біртіндеп жүзеге асуда, әр ресурсты жеке-жеке қарастырып, арам пиғылдылардың пайдаланбауын қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажет. Егер қандай да бір сервисті қосу бойынша ұсыныстар болса, пікір қалдырыңыздар, - деп жазды
Президенттің бірнеше тапсырмасы орындалды.
Бірінші: интернет өшірілгендіктен, адамдар дыбыс және смс трафигін пайдаланғандықтан, барлық абоненттерге тегін 200 смс пен 300 минут берілді.
Екінші: зардап шеккендер мен із-түссіз жоғалғандарды іздеу бойынша 1414 колл-орталығы негізінде тікелей желіні ұйымдастырдық.
Үшінші: байланыс операторларымен тығыз жұмыс істеудің арқасында азаматтарға SMS арқылы хабарландырулар мен жаңалықтар жолдануда.