Кей мамандықтарды қысқа мерзімде оқытуды бастадық – Саясат Нұрбек
Қазақстанда кей мамандықтарды 2,5-3 жылда оқыту басталды. Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді және оның тиімділігі қандай? Министр түсіндірді.
Қазақстанда кейбір мамандықтар бойынша оқу мерзімін қысқарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2023 жылдан бастап мемлекеттік білім беру стандарты өзгертіліп, жоғары оқу орындарына оқу бағдарламаларын икемді түрде қалыптастыруға мүмкіндік берілген.
2023 жылдан бастап мемлекеттік стандартты өзгерттік. Енді 92 пайызға дейін жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының мазмұнын ауыстыруға, жергілікті өндіріспен бірлесіп, қысқартуға мүмкіндік қарастырылды, – дейді Саясат Нұрбек.
Оның сөзінше, бұл бағыттағы алғашқы тәжірибе Astana IT University базасында іске асырылған.
Мәселен, Astana IT университеті тұңғыш сондай тәжірибеден өтіп, бакалаврды 4 жылда емес, 3 жылда беру міндеті берілді. Бұл тәжірибені бақылап отырмыз. Эксперименттің 5-7 жылдық циклі бар. Сондықтан бүгінгі таңда эксперимент өзін-өзі дәлелдеді. Яғни оқу сапасы да, жұмысқа тұруы сынды барлық жағынан тиімді нәтиже көрсетті, – деді министр.
Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарына оқу мерзімін одан әрі қысқартуға рұқсат беріліп жатқанын атап өтті.
Сол себепті біз жоғары оқу орындарына 3 жылға, 2,5 жылға рұқсат беруді бастадық. Негізі көбіне ақпараттық технология саласында, кейін нарық көп күте алмайтын мамандықтарда басталды бұл көш, – дейді Саясат Нұрбек.
Еске салсақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым, стартап және өндіріс бір жүйеге бірігетінін айтып, жаңа модельді таныстырды.
Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Economic Complexity Index бойынша 55-орында тұр. Саясат Нұрбек жүйедегі негізгі проблемаларды атады.
Сонымен қатар, министр Қазақстанда жасалған рак дәрісінің құнын атады. Ол аталған препараттың негізгі компоненттері қолжетімді әрі арзан екенін айтты.