"Кесуге 450 мың теңге сұраған". Алматыда үйді үлкен емен басып қалды

Медеу ауданы, Бегалин көшесінде 70 жылдық емен ағашы жеке тұрғын үйдің шатырына құлаған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, ешкім зардап шекпеген. Ағашты кесуге 450 мың теңге қажет болған. 

Емен ағашының өсіп тұрғанына 70 жыл болды. Жексенбі күні ағаш бір жағына қисайған. Тұрғындар ағашты өздері кесе алмағандықтан, барлық жерге хабарласып шыққан. Жеке кәсіпкерлер еменді кесуге 450-500 мың сұраған. Ондай ақша болмауы себепті кесе алмаған. Осылайша, дүйсенбі күні емен үйдің шатырына құлаған. Үй ескі болғандықтан, үйді қиратып жібере ме деп қорықтық. Дегенмен үйдің қабырғасы сол қалыпты. Ағаш құлағанда, үй иелері сыртта болған, – дейді тұрғындар. 

Аталған жағдайға Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы түсінік берді.

Алматы қаласының жасыл желекті күтіп-ұстау және қорғау қағидалары жеке тұрғын үйлердің аумақтары мен саяжайларда өсетін жасыл желектерге қолданылмайды. Апатты ағаштарды кесу, алып тастау жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Алайда оқиғаның мән-жайын ескере отырып, Медеу ауданының әкімдігі тұрғындарға көмек көрсетеді. Құлаған ағашты алып, тазалау жұмыстары жүріп жатыр, – дейді Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: скриншот
Өзгелердің жаңалығы