Кесірі тиеді деп қорқады. Министрлікке келетін арыздар туралы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де жоғары білім сапасын арттыру бойынша өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова сапасыз білім беретін университеттермен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Оның сөзінше, министрлік сапасыз білім беретін ЖОО-лармен мәселені шешу бойынша бірқатар жұмыс атқарып келеді.
Бүгінгі күні мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізіледі. Бірінші бағыты – бұл профилактикалық бақылау. Оның нәтижесінің негізінде ЖОО-ға екі мүмкіндік қосымша беріледі. Бұл жерде бастысы – ЖОО-лардың мақсаты академиялық дербестікке қарамастан білім саласындағы заңнаманы бұзбау. Сондай-ақ кемшіліктерді жібермеу. Егер профилактикалық бақылау нәтижесі бойынша кемшіліктер табылса, онда ЖОО-ға екінші мүмкіндік беріледі, - деп атап өтті Көбенова.
Маманның айтуынша, екінші мүмкіндікте тексеріс жүргізілгеннен кейін қайтадан бұзушылықтар анықталатын болса, онда үшінші тексеріс жүргізіледі. Тек үшінші тексерістен кейін ғана тиісті шешім қабылданады. Әкімшілік кодекске сәйкес, қандай кемшілік болса, онда сол бапқа сәйкес шара қолданылады.
Сондай-ақ ол екінші тексеріс қалай жүргізілетіні туралы айтып берді.
Екінші тексеріс – бұл жоспардан тыс тексерістер. Министрлікке ата-аналардан, студенттерден, тіпті оқытушылардан да өтініштер келіп түседі. Осындай өтініштер түскен кезде министрлік өз тарапынан қандай мәселелер оларды толғандырады, сол мәселелер бойынша тексерістерді жүргізеді. Өкінішке қарай, келетін өтініштердің көбінде арыз жазушылар өздерінің мәліметтерін көрсетпейді, - деді ол брифингте.
Гүлзат Көбенова айтып өткендей, өтініш берушілер кесірі тиеді деп қорқады.
Бұл жерде айтқым келетіні бар. Егер осындай кемшіліктер болса, сіздерді мазалайтын нәрселер болса, міндетті түрде министрлікке хабарласуға болады. Барлық телефон нөмірі, Call-орталық және элекронды пошта көрсетілген. Кейін тиісті мәселе бойынша жұмыс жүргізіледі, - деді комитет төрайымы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Қазақстан мен Ресей агроөнім саудасын жеңілдетеді
Өзгелердің жаңалығы