19 Тамыз 2026, 17:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Кешірілген қарызға салық салу қаншалықты дұрыс? – Экономист пікірі

Бауыржан Ысқақтың сөзінше, есептен шығарылған қарызды ЖТС-дан босатудың басты әлеуметтік әсері – азаматқа қарыздық тұзақтан шығуға мүмкіндік беру.

Банк есептен шығарған қарызды азаматтың табысы ретінде қарастырып, одан жеке табыс салығын (ЖТС) алу әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық жағынан да қисынсыз. Экономист Бауыржан Ысқақ BAQ.KZ тілшісіне берген пікірінде осылай деді.

Сарапшының айтуынша, мұндай жағдайда азаматтың қолына нақты ақша түспейді. Ол тек бұрынғы борыштық міндеттемесінің белгілі бір бөлігінен босатылады.

Мысалы, азамат 5 млн теңге несие алып, кейін алаяқтардың әрекетінен қаражатынан айырылды немесе өмірлік қиын жағдайға байланысты қарызын өтей алмай қалды делік. Банк оның 2 млн теңге қарызын кешірсе, азаматтың қолына жаңадан 2 млн теңге түскен жоқ. Ол тек бұрынғы борышынан босатылды. Сондықтан мұндай соманы табыс деп қарастыру, әсіресе әлеуметтік қолдауға мұқтаж немесе алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға қатысты дұрыс емес деп ойлаймын, - дейді Бауыржан Ысқақ.

Экономистің пікірінше, есептен шығарылған қарызды ЖТС-дан босатудың басты әлеуметтік әсері – азаматқа қарыздық тұзақтан шығуға мүмкіндік беру.

Оның сөзінше, егер банк борыштың бір бөлігін кешіргеннен кейін азаматқа сол сома үшін қайтадан салық міндеттемесі жүктелсе, жеңілдіктің мәні төмендейді.

Адам алаяқтықтан зардап шегіп, банк оның қарызының бір бөлігін есептен шығарды делік. Егер артынша сол кешірілген сомаға салық салынса, азамат қайтадан қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жеңілдік адамның қаржылық жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік береді, - деді сарапшы.

Бауыржан Ысқақ мұндай норма банктер үшін де тиімді болуы мүмкін екенін айтады. Себебі ол проблемалық несиелерді қайта құрылымдауға қосымша мүмкіндік беріп, азаматтардың банк жүйесіне деген сенімін арттыруы ықтимал.

Дегенмен экономист барлық есептен шығарылған қарызды автоматты түрде салықтан босатуға болмайтынын атап өтті.

Оның пікірінше, жеңілдік нақты негіздер бойынша берілуі қажет. Атап айтқанда, алаяқтық фактісі, азаматтың төлем қабілетсіздігі немесе банктің қарызды қандай себеппен есептен шығарғаны құжатпен расталуға тиіс.

Сарапшы бюджетке түсетін ықтимал салмақты да асыра бағаламау керек деп есептейді.

Мемлекет азаматтың 3 млн теңге қарызын кешіруді табыс ретінде қарастырмаса, бұл бюджет 3 млн теңгеден айырылды деген сөз емес. Бюджетке түспейтін қаражат – тек сол сомадан есептелетін жеке табыс салығы. Сондықтан мұнда фискалдық шығыннан гөрі әлеуметтік-экономикалық тиімділік маңыздырақ болуы мүмкін, - дейді экономист.

Оның айтуынша, қарыз жүктемесі азайған азамат қайтадан қалыпты экономикалық белсенділікке оралып, жұмыс істеп, табыс тауып, тұтынуға қатыса алады. Бұл ұзақ мерзімде экономикаға оң әсер етуі мүмкін.

Бауыржан Ысқақ жеңілдікті үш негізгі санат бойынша қарастыруды ұсынады. Олар – алаяқтық құрбандары, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар және банктер заңда белгіленген тәртіппен қарызын кешірген әлеуметтік қолдауға мұқтаж тұлғалар.

Осылай нақты критерийлер белгіленсе, әлеуметтік әділеттілік пен бюджет тәртібінің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға болады. Жалпы адамның қарызын кешіріп, кейін сол кешірілген қарызды оның табысы деп танып, қайтадан салық міндеттемесіне түсіру – экономикалық парадокс, - деп қорытындылады Бауыржан Ысқақ.

Еске салсақ, бұған дейін несие қарызы кешірілген азаматтар ЖТС төлемеуі мүмкін екені туралы хабарланды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, үмітсіз несиелер, оның ішінде алаяқтық жолмен рәсімделген қарыздар есептен шығарылған кезде азаматтарды ЖТС төлеуден толық босатуды ұсынды.