Кешенді көшпелі кедендік тексеру қалай жүргізіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы Кеден кодексінде «кешенді көшпелі кедендік тексеруді енгізуді» деген кедендік тексерудің жаңа түрі пайда болды. Қандай тұлғаларға қатысты тексеру жүргізіледі және осындай тексерудің тағайындалғаны туралы ақпаратты қайдан білуге болатынын ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті айтып берді.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 418-бабына көшпелі кедендік тексерудің жаңа түрі – кешенді көшпелі кедендік тексеруді енгізуді қарастыратын толықтырулар енгізілді. Осы тексеру тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде жүргізіледі.

Сондай-ақ кешенді көшпелі кедендік тексерулер уәкілетті органның сайтында: бірінші жартыжылдыққа – тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейін; екінші жартыжылдыққа – тексерулер жүргізілетін ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейін орналастырылатын кешенді көшпелі кедендік тексерулердің жартыжылдық графигі бойынша жүргізіледі, - деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитетінен.

Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер органдары кешенді көшпелі кедендік тексеруді жүргізу басталардан кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тексерілетін тұлғаға кешенді көшпелі кедендік тексеру жүргізу туралы хабархатты жібереді.

Бұл норма 2021 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енді. Кеден кодексінің 418-бабының 11-1-тармағын жүзеге асыру мақсатында кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, тексерілетін тұлғаларды таңдау қағидалары әзірленіп, бекітілді.

Қағидалар Кодекстің 452-бабымен көзделген тәуекел дәрежесі өлшемшарттарының негізінде жүзеге асырылатын кешенді көшпелі кедендік тексерулерді тағайындау үшін тексерілетін тұлғаларды таңдаудың тәртібін анықтайды. Аталған қағидалар 2021 жылғы 23 сәуірден бастап күшіне енеді, - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар кешенді көшпелі кедендік тексеру жүргізу туралы хабархат пен кешенді көшпелі кедендік тексерулердің жартыжылдық графигінің нысаны бекітілді (Қаржы министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 275 бұйрығымен (Әділет министрлігінде 2021 жылғы 31 наурызда № 22438 болып тіркелді).

Бұл бұйрық 2021 жылғы 17 сәуірден бастап күшіне енді.

 

 

 

 

 

 

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы