Қызмет көрсету кешендері сақтық шарасын күшейтті

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" күре жолындағы қызмет көрсету орталықтарына барып, Төтенше жағдай кезіндегі сақтық шараларымен танысты. 

Облыс әкімі алдымен Сырдария ауданына қарасты "Нұрлы-Жол" орталығында болды. Екі гектар жерді алып жатқан аумақта көлік жуатын, жөндейтін орындар мен қонақ үй, автотұрақ бар. Қызмет көрсету кешенінде залалсыздандыру, тазалық, санитарлы-дезинфекциялық жұмыстар ұдайы жүргізіледі. 

Бұдан кейін облыс әкімі "Керуен", "Қызыл-Орда" кешендеріндегі қауіпсіздік шараларымен танысты. 

Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің айтуынша, кешендердің иелеріне коронавирус пандемиясының алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарына баса мән беру тапсырылды. 

Сонымен қатар, облыстағы күре жол бойындағы барлық нысандарда сақтық, тазалық шаралары күшейтілді. 

Бұдан бөлек, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. 

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметінің өкілі Бекбол Қаратайұлының айтуынша, коронавирусқа байланысты облыс орталығындағы Халыққа қызмет көрсететін №1, №2, №3, №4 бөлімдерінде, көші-қон орталығында, мамандандырылған бөлімдерде санитарлық-дезинфекциялық шаралар жасалды. 

Бөлімдердің барлығына сұйық су сабындар, медициналық тазартқыш құралдар жеткізілді және белгіленген жердерге қойылды. Сондай-ақ, күн сайын 3 мәрте хлормен нысанды тазалануда, – дейді баспасөз қызметінің өкілі. 

Айта кетейік, Төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысы әкімінің өкімімен жедел әрекет ету өңірлік штабы құрылып, жұмыс істеуде. Жергілікті билік, штаб өкілдері азық-түлік бағасын бақылауға көшті. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың мәлімдеуінше, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрін сатып алуға 105,0 миллион теңге қаражат бөлінеді. 

Жоспарланған қаржыға 1107 тонна шамасында әлеуметтік маңыздағы азық-түлік сатып алынады, – дейді Нұрғали Қордабай.

Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының алдын алу, таралуына жол бермеу үшін аймаққа қажетті дәрілер, зертханалық құралдарды сатып алуға 4309 миллион теңге бөлінді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы