"Кесарь тілігін жасау үшін 20 мың теңге сұраған": Әкім сәби өліміне қатысты пікір білдірді
Тараздағы перинаталдық орталықта болған резонансты оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Перзентханада жаңа туған сәбидің дүниеге келгеннен кейін бір сағаттан соң көз жұмғаны, ал анасының жансақтау бөліміне түскені белгілі болды. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер кесарь тілігін жасау үшін 20 мың теңге талап еткен болуы мүмкін. Сәбидің өлімі мен ықтимал парақорлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай медициналық қызметтердің тегін көрсетілетінін, қызметтік тексеріс тағайындалғанын және тәуелсіз сарапшылар тартылғанын мәлімдеген болатын.
Бұл мәселені құқық қорғау органдарына бағыттау керек шығар. Дегенмен оқиға өңірге қатысты болғандықтан, жағдаймен таныспын. Соңғы ақпаратқа сәйкес, шағымданушы өз өтінішін кері қайтарып алған. Ал пара талап етті деп айыпталған қызметкер де қарсы өтініш жазып, ондай дерек болмағанын мәлімдеген. Екі тарап арасында бұрыннан келе жатқан өзара түсініспеушіліктер бар болып шықты. Сол себепті екеуі де арыздарын қайтарып алған, – деді өңір басшысы.
Әкім тексеріс толығымен жүргізілетінін ерекше атап өтті.
Бұған қарамастан, біз тексерісті соңына дейін жеткіземіз. Медициналық мекемеде жүйелі түрде проблема бар-жоғын анықтау – біздің міндетіміз. Қорытынды міндетті түрде жарияланады. Егер негіз болса, тиісті шаралар аурухана басшылығына да қатысты қабылданады, – деді Ербол Қарашөкеев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарыкемер ауылында жедел жәрдем фельдшеріне оқ атылған оқиғаға қатысты тергеудің барысына қатысты пікір білдірді.