Керекуде ҰБТ тапсырушылар саны өсіп келеді
Биыл Ертіс өңірінде 4 мыңнан астам оқушы мектепті тәмамдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Башированың айтуынша, түлектердің 80%-дан астамы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырады.
Соңғы 5 жыл ішінде ҰБТ тапсыруға ниет білдірген оқушылар саны 9%-ға өсті. Негізгі сынаққа өтініштерді қабылдау 28-ші сәуірден 14-ші мамырға дейін жүргізілді. Түлектер сынақ тапсыру орнын және мерзімін өздері анықтады. Талапкерлерге екі мүмкіндік беріледі. Биыл 187 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Олар емтихандарын өз мектептерінің базасында тапсырады, - дейді Гүлмира Баширова.
ҰБТ тапсыру үрдісін бақылау үшін мемлекеттік комиссия құрылды.
Биылғы оқу жылы 31-ші мамырда аяқталады. Салтанатты шаралар барысында педагогикалық этиканы бұзбау, жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында ата-аналардан ақша жинауға тыйым салынған. Сонымен қатар мерекелік агенттіктер, аниматорлардың қызметін пайдалануға рұқсат етілмейді. Мұғалімдерге, мектеп әкімшіліктеріне сыйлық беруге де болмайды. Соңғы қоңырау мектеп дәстүрлері аясында өткізіледі. Мәселен, кей оқу орындары шараға ақсақалдарды шақырады. Осы бағыттағы шараларды өткізуге болады, - дейді білім беру басқармасы басшысының орынбасары.