Кентаулық фабрика жылына 16 млн астам жұмыртқа өндіреді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұмыс сапарымен Кентау қаласына барды.
Әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев әуелі «Яссы-құс» фабрикасына аялдады. Шаруа қожалық 2016 жылы жұмысын бастаған. Негізінен жұмыртқа өнімін өндірумен айналысады. Фабрикада 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы 45000-50000 теңге аралығында. Қожалықта 4 жұмыртқалайтын цех пен құрама жем сақтайтын қойма бар. Жобаның құны – 198 млн. теңге. Қазіргі таңда голландиялық «Лабраун» породасынан – 50 мың дана тауық бар. Фабриканың айлық қуаттылығы – 1 350 000 дана жұмыртқа, ал жылына 16 200 000 дана жұмыртқа шығаруға қауқарлы.
Қожалық жұмысымен танысқан облыс басшысы өнім көлемін арттыра түсіп, жұмыс орнын көбейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы Кентау қаласындағы құрылысы жаңадан басталған 10 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.
Жобалаушы мекеме «Sunkar Byilding» ЖШС болса, бас мердігер: «Ныш Ер» ЖШС, «Ақ жол» ЖШС, «Аль-Декей» ЖШС, «Құрылыс Молдашев Е» ЖК. Бес қабаттан тұратын он үйде жалпы саны – 600 пәтер бар. Олардың жалпы аумағы – 33 240 шаршы метр. Ағымдағы жылдың мамыр айында құрылысы басталған нысандар 2020 жылдың маусым айында толық пайдалануға берілмек. Нәтижесінде 600 отбасы баспаналы болады.
Өз кезегінде аймақ басшысы құрылысты уақытылы аяқтап, тұрғындарға тапсыру керектігін атап өтті.
Одан соң Кентау қалалық «Жастарға қызмет көрсету орталығының» ғимаратында облыс әкімінің төрағалығымен жиын өтті. Кездесуде Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов «Кентау қаласының 2019-2022 жылдарға кешенді дамыту» туралы баяндады. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы арқылы Кентау қаласын кешенді дамыту жоспары таныстырылып, алдағы уақытта жүзеге асуы қаралды. Кентау қаласындағы атқарылып жатқан және алдағы атқарылатын жоспарлармен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы жоспарларды қолдайтынын атап, алдағы кездесуде жұмысты слайд арқылы емес, істің басында тұрып көрсетуді қолға алу қажеттігін ескертті.
«Кентау Түркістан облысының орталығына шекаралас жатқандықтан Түркістанмен бірге көркейетін қала. Сондықтан әрбір атқарылған жұмыс сапалы және жүйелі түрде атқарылуы керек», – деді аймақ басшысы Ө. Шөкеев.